Ескі электр сымдары көлік үшін қауіпті — құтқарушы
ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM — Қызылорда облысы Арал ауданының Арал қаласында жеке тұрғын үй ауласында жеңіл көлік өртенді.
Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, өрт көлікті жөндеу кезінде қозғалтқыш бөлігінен шыққан. Соның салдарынан 3 адамды түрлі дәрежедегі күйік шалды.
Мамандар автокөліктердегі тілсіз жаудың басым көпшілігі қозғалтқыш бөлігінде электр сымдарының қысқаша тұйықталуынан болатынын айтып отыр.
— Көптеген көлік иесі темір тұлпарын уақытылы техникалық байқаудан өткізбейді. Ескі электр желілерін тексертпейді. Осыдан кеп оқыс жағдай пайда болып, опық жегізеді. Біз өрттің алдын алу мақсатында тұрақты түрде профилактикалық іс-шаралар жүргіземіз. «Қауіпсіз автокөлік», «Өрттен сақ бол», «Бірыңғай өрт қауіпсіздігі күні», «Газбаллон» акциялары, сондай-ақ тұрғындардың өрт кезіндегі бастапқы іс-әрекеттерін пысықтауға, қауіпсіздік ережелерін насихаттауға бағытталған іс-шаралар ұйымдастырылды, — деді департаменттің мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы, азаматтық қорғау подполковнигі Бейбітхан Спанов.
Құтқарушылар облыстық полиция департаменті және волонтерлік ұйым өкілдерімен бірге адам көп жүретін орындар мен нысандарда 50-ден астам рейдтік іс-шара өткізіп, 7 мыңнан астам тұрғынға қауіпсіздік талаптарын түсіндірді.
Бейбітхан Спанов осы орайда автокөліктегі өрттің алдын алу жөнінде кеңес берді.
— Электр сымдарының бүтіндігін жүйелі түрде тексеру керек, себебі ақаулы немесе ескі электр сымдары қауіп төндіреді. Отын жүйесін, яғни жанармай құбырлары мен бак бөлігінде ақау болмауын, майдың ағып кетпеуін қадағалау, жанармай құю кезінде қозғалтқышты өшіру, көлікті уақытылы арнайы техникалық тексеруден өткізу, көлікте міндетті түрде жарамды өрт сөндіргіш болып, оны қолдана білу керек. Тұрғындарды көлік ішінде темекі шекпеуге, ашық от пайдаланбауға, қозғалтқыштан күйік иісі немесе түтін байқалса, бірден тоқтап, көлікті сөндіруге, өрт немесе басқа да төтенше жағдай кезінде дереу 101 және 112 телефон нөмірлеріне қоңырау шалуға шақырамын, — деді департамент өкілі.
Еске салсақ, Үкімет бұған дейін көліктерді техникалық байқаудан үш жылда бір рет өткізу туралы ұсынысқа жауап берген болатын.