Ескі қазандық есті шығарды: ШҚО-дағы ауыл мектебі пешке жарымай отыр

Шығыс Қазақстан облысы Самар ауданы Мариногорка ауылындағы мектеп 2 қазандықпен жылытылады. Алайда екеуінің де тозығы жеткен. Ауыл тұрғындары жергілікті әкімдікке ескіні жөндеудің орнына, жаңасын алу қажеттігін айтқанымен, олардың өтініші орындалмай тұр, деп хабарлайды Кazinform.

Фото: «Самар тынысы» газеті

Мариногорка орта мектебі 1977 жылы салынған. Сол уақыттан бастап күні бүгінге дейін бұл білім ордасына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілмеген. Ауыл тұрғындарының айтуынша, әсіресе күз бен қыс айларында ғимарат ішін жылытатын 2 қазандықтың жағдайы мүшкіл. Бүгінде мектепте барлығы 104 оқушы білім алады.

«Қазандықтар тозып тұр. Оны қайта-қайта жөндей бергеннен гөрі жаңасын алу қажет. Мектептің сырты да қара күйе болды. Былтыр қазандыққа қабырғалас тұрған бірнеше сыныпқа түтін кірді. Оқушыларға иіс тиіп қалмас үшін мектеп басшылығы бұл сыныптарды жауып тастады. Барлығы 3 кабинет жабылған», - деп шағымданды олар.

Фото: «Самар тынысы» газеті

Анық-қанығын білу үшін Самар ауданының әкімдігіне хабарластық. Белгілі болғандай, биыл қазандықтарды жөндеуге 4,2 млн теңге бөлінген.

«Негізі жөндеу жұмыстары 15 қазанға дейін аяқталады деп жоспарлаған едік. Бірақ осыдан бірнеше күн бұрын толықтай аяқталды. Сорғыны, қазандықтың кірпіштерін, желдету жүйесін ауыстырдық. Бұдан бөлек, биыл мектеп ғимаратының бірінші қабатындағы терезелер ауыстырылды. Бұл мақсатта 16 млн теңге жұмсалды», - деп хабарлады аудандық білім бөлімінен.

Мариногорка орта мектебіне жаңа қазандық алудың жоспарда бар-жоғын Шығыс Қазақстан облыстық Білім басқармасының басшысы Иннеса Чернышевадан сұрап көрдік.

«Бұл мәселеден хабардармыз. Биыл жөндеу жұмыстары жүргізілді. Ал келесі жылы мектепке жылу орталығын салу жоспарда бар», - деп жауап берді ол.

Фото: «Самар тынысы» газеті