Ескі көлік салығы 50%-ға төмендейді: жаңа норма келер жылы күшіне енеді
АСТАНА. KAZINFORM — Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов ескі көліктердің салығын азайту нормасы 2026 жылдың қаңтарынан күшіне енетінін айтты.
Оның сөзіне қарағанда, бүгін Парламент Мәжілісі екінші оқылымда қабылдаған жаңа Салық кодексінде ескі көліктерге салық жүктемесін азайту нормасы сақталған.
— Жаңа норма бойынша автокөлікті пайдалану мерзімі 20 жылдан асса, онда 50 пайыз жеңілдік қарастырылады. Егер автокөлік 10 жылдан бері қолданылып келген көлік болса, 30 пайыз шегерім қарастырылған. Бұл норма 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енеді, — деді Е. Біржанов Мәжілістің жалпы отырысынан кейін тілшілер сұрағына жауап бере отырып.
Айта кетейік, Бүгін Мәжіліс Салық кодексі мен оған ілеспе заңды екінші оқылымда қаралып, қабылдады. Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов қабылданған жаңа Салық кодексіне қатысты пікір айтты.
Еске салсақ, былтыр құны 1 млн доллардан асқан жылжымайтын мүлікке салық мөлшерлемесі өсетінін жазған едік.