Сән-салтанат салығы: Құны 1 млн доллардан асқан мүлікке мөлшерлеме өседі

сән-салтанат салығы
Фото: Midjourney

АСТАНА. KAZINFORM – Ұлттық экономика министрлігі жаңа Салық кодексінің жобасы аясында сән-салтанат салығын есептеудің тиісті межесіне қатысты түсінік берді.

Министрлік мәліметіне қарағанда, қазір «сән-салтанат» заттарына жоғары салық салу мәселесіне қатысты тиісті ұсыныстар пысықталып жатыр. Бұл тұрғыда жиынтық құны 450 млн теңгеден асатын жылжымайтын мүлік объектілері бойынша мүлік салығының мөлшерлемесін көтеру қарастырылған.

«Кедендік құны 75 млн теңгеден асатын жеңіл автомобильдер бойынша көлік салығының мөлшерлемесін көтеру пысықталып отыр», - делінген Ұлттық экономика министрлігінің Kazinform агенттігіне берген жауабында.

Сонымен қатар, қымбат алкоголь және темекі өнімдеріне, сондай-ақ қымбат теңіз кемелеріне, ұшу аппараттарына акцизбен қосымша салық салу ұсынысы да ескерілген.

«Соңғы тәсілдер жаңа Салық кодексінің жобасында көрініс табады», - деп аталып өткен ведомство ақпаратында.

Бұдан бұрын Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов жаңа Салық кодексі Парламент қарауына қашан енгізілетінін айтқан еді.

 

Соңғы жаңалықтар
telegram