Ескі талаппен ашылған балабақшалар жаңа лицензиялауға дайын ба

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Жекеменшік балабақша иелері жаңа лицензиялау талаптарының қаталдығына алаңдаушылық білдіріп, кейбір ұйымдардың жабылып қалу қаупі бар екенін айтып отыр.

Фото: СҚО кәсіпкерлер палатасы

Бұл мәселе Солтүстік Қазақстан облысы Кәсіпкерлер палатасының өңірлік кеңесінің отырысында көтерілді. Жиында Қызмет көрсету салалық кеңесінің төрағасы Ольга Жаркова биыл жыл басынан бері кеңестің 10 отырысы өтіп, онда мектепке дейінгі білім беру саласындағы жүйелі мәселелер талқыланғанын айтты.

Фото: СҚО кәсіпкерлер палатасы

Талқыға түскен мәселенің бірі - мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту қызметін көрсететін барлық ұйымдарға лицензиялау тәртібінің енгізілуі. Бұл жаңашылдық 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап мемлекеттік және жекеменшік балабақшаларда жүзеге аса бастайды. Нәтижесінде мамандардың білігі, қауіпсіздік, санитариялық норма, ас мәзірі сынды жұмыс сапасының негізгі көрсеткіштері ескеріледі.

Облыстағы балабақшалардың бірқатары 2009-2015 жылдары сол кездегі нормативтерге сәйкес ашылған. Бұған қоса, кәсіпкерлер қаржыландырудың нақты шығындарды өтемейтінін және инклюзивті білім беруге қажетті мамандардың жетіспейтінін айтады.

Фото: СҚО кәсіпкерлер палатасы

- Жекеменшік балабақшалар да мемлекеттік мектепке дейінгі ұйымдармен бірдей тәртіппен лицензиялаудан өтуі керек. Бұл рәсім 2027-2029 жылдар аралығында жүргізіледі деп жоспарланған. Алайда оған қалай дайындалатынымызды әзірге білмейміз. Себебі лицензиялаудың жаңа талаптары қолданыстағы нормативтерге негізделген, ал біз балабақшаларды бұрынғы ережелерге сәйкес ашқанбыз. Бұл талаптардың іс жүзінде қалай қолданылатыны әзірге түсініксіз, - дейді Ольга Жаркова.

Кәсіпкерлерді алаңдататын басты мәселелердің бірі - жан басына шаққандағы қаржыландыру әдістемесі. Қолданыстағы есептеу жүйесінде орташа көрсеткіштер негізге алынғандықтан, шағын жекеменшік балабақшалардың нақты шығындары толық ескерілмейді. Әсіресе қызметкерлердің еңбекақы қорына жұмсалатын қаражат пен бөлінетін қаржының арасындағы айырмашылық кәсіпкерлерге салмақ түсіріп отыр.

Соның салдарынан балабақшалар білікті мамандарды ұстап қалуда және мекеменің қаржылық тұрақтылығын сақтауда қиындық көреді.

Фото: СҚО кәсіпкерлер палатасы

Тағы бір түйткіл - ерекше білім беру қажеттілігі бар балалармен жұмыс. Мұндай балаларды оқыту мен тәрбиелеу үшін тьюторлар және басқа да бейінді мамандар қажет. Алайда кадр тапшылығы мен инклюзивті топтарды ұйымдастырудағы қиындықтар жекеменшік балабақшалардың мүмкіндігін шектеп отыр.

Оның айтуынша, кәсіпкерлер көтерген мәселелерді шешу үшін Өңірлік кәсіпкерлер палатасымен бірлескен жұмыс жүргізіп жатыр. Ұсыныстар жергілікті деңгейде де, республикалық деңгейде де қарастырылмақ.

Бұған дейін елімізде баланы бір балабақшадан екіншісіне ауыстырудың жаңа мемлекеттік қызметін енгізу мәселесі қарастырылып жатқанын жазған едік.