ЕО мен Оңтүстік Америка елдері ең ірі сауда келісіміне қол қойды

Фото: DW

АСТАНА. KAZINFORM – Еуропалық одақ пен Оңтүстік Америкадағы Меркосур блогы елдері ауқымды сауда келісіміне қол қойды. Бұл келісім ЕС тарихындағы ең ірі сауда келісімі болып саналады. Мерекелік рәсім 2026 жылғы 17 қаңтарда Парагвайдың астанасы Асунсьонда өтті, деп хабарлайды DW.

Келісімге Еуропалық одақ пен Меркосур елдері — Бразилия, Аргентина, Парагвай және Уругвай өкілдері қол қойды. Бұл құжат ЕС-тің 27 мемлекеті мен Оңтүстік Америка елдерінің нарығын біріктіріп, әлемдегі ең ірі еркін сауда аймақтарының бірін құруға мүмкіндік береді.

Еуропалық тараптан рәсімге Еуропалық кеңестің төрағасы Антониу Кошта және Еуропалық комиссияның төрайымы Урсула фон дер Ляйен қатысты.

— Біз баж салығын емес, әділ сауданы таңдаймыз, оқшаулану емес, өнімді ұзақ мерзімді серіктестікті таңдаймыз, — деді Урсула фон дер Ляйен.

Іс-шараға Парагвай, Аргентина, Уругвай, Боливия, Панаманың президенттері және Бразилияның сыртқы істер министрі де қатысты.

Келісім бойынша келіссөздер 2000 жылы басталып, 25 жылға созылды. Құжат тараптар арасындағы ұзақ уақытқа созылған келіссөздердің нәтижесі болып, әлемдік саудадағы маңызды өзгерістер кезеңінде дайындалды.

Жаңа сауда келісімі Еуропа мен Оңтүстік Америка елдері арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейтуге қосымша мүмкіндіктер ашады.

Еске салсақ, бұған дейін ЕС елдері Меркосур блогымен сауда келісімін бекіткен болатын.