Есірткіге тәуелділіктен арылу жолы қандай — нарколог жауабы

АСТАНА. KAZINFORM — Қалалық психикалық денсаулық орталығының дәрігер-психиатры, нарколог Тоқтар Төлеуханұлы есірткіге тәуелді адамды емдеу жұмысы қалай жүргізілетінін баяндап берді.

Фото: Kazinform

— Есірткіге тәуелділіктің үш сатысы бар: бастапқы, дамыған және соңғы. Алғашқы екеуінде емдеу мүмкіндігі жоғары. Ал үшінші сатыға өтіп кетсе, онда науқастың бетін бері қарату қиын. Өйткені, токсикалық улы заттар салдарынан жүйке жасушалары өліп, ми органикалық тұрғыда зақымдалады, яғни энцефалопатияға ұшырайды. Мұндай жағдайда адам ақыл-есінен де алжасады. Сондықтан нашақордың туыстары оны арнайы орталыққа, мамандардың қарауына барынша ертерек әкелгені жөн, — дейді ол.

Әйтсе де, нарколог «Емделу ешқашан кеш емес» деп үміт үзбеуге шақырады. Нашақор есірткіге қаншалықты тәуелді болса да, күдер үзбей, «ұйықтан» шығып, қалыпты өмірге оралу үшін күрескені абзал.

Сонымен бірге, Астанадағы қалалық психикалық денсаулық орталығында науқастарға амбулаториялық және стационарлық көмек көрсетіледі. Стационарлық емдеу курсы шамамен 45 күнге созылады, яғни бір жарым ай ауруханада жатады.

Алдымен, науқас дәрі-дәрмекпен емделіп, психологиялық, физиологиялық, дәрумендік ем алады. Қаны улы, токсикалық заттардан тазартылады. Содан соң, психотерапия басталады, яғни есірткіге тәуелді адамның ем-домға, туыстарының қолдауына деген оң көзқарасын қалыптастыруға күш салынады. Психотерапияда топпен жұмысқа мән беріледі, яки науқастар арнайы курстардан бірге өтеді.

— 45 күн стационарлық ем аяқталған соң, біз онымен толық қоштаспаймыз. Науқас жиі-жиі келіп отырады. Ары қарай оңалту шараларын жалғастырамыз. Эмоционалдық жағдайы қалпына келгенше, күйзелістен шығаратын, ұйқысын қалпына келтіретін ем-дом ұсынамыз. Науқас бастапқыда айына бірнеше рет, кейін 2-3 айда бір, сосын жарты жылда бір келеді. Мамандардың көмегі қажет болғанда, орталыққа жүгінеді, — дейді Тоқтар Төлеуханұлы.

Сонымен қатар, орталықта бір уақытта, бірге ем қабылдаған науқастар шыққан соң да, топ болып емделеді. Әдетте, күйзеліске түскен не жалғыз қалған адамдар есірткіні бастайды. Енді емделіп шыққан соң, қайта жалғыз қалмау үшін науқастар топ болып ұйымдасып, бірін-бірі қолдап, көмектесіп жүреді.

Айта кетейік, бұған дейін Алматыда есірткіге тәуелді адамдардың саны азайғанын жазғанбыз.