Мал өнімі құнды, малшы еңбегі неге арзан

АСТАНА. KAZINFORM – Соңғы екі жылда елде ет бағасы айтарлықтай өсті. Қымбатшылық қатты сезілген кезде кейбір сарапшылар еттің қымбаттауы малмен күнін көріп отырған ауыл тұрғындарының табысын арттырып, малшы қауымның жалақысын өсіретін болды деп сүйіншілеген. Сол болжамдардың қаншалықты орындалғанын білу үшін ресми деректерді қазып көрдік.

Фото: Kazinform / ЖИ

2026 жылғы қаңтар-тамызда мал мен құстың шаруашылықта сойылғаны немесе союға өткізілгені тірі салмақта 1,23 млн тоннаға жетіп, бір жылда 5,1% артты. Соған қарамастан мал саны да өскен.

Ұлттық статистика бюросының дерегіне сүйенсек, 2026 жылғы шілдеде еттің негізгі түрлері бір жыл бұрынғыдан 15,8% қымбат болған. Қой еті 27,9%, сиыр еті 15,1%, жылқы еті 14,4% өсті. Бір килограмм сүйекті сиыр етінің орташа бағасы 3,8 мың теңге, қой еті 4,5 мың, жылқы еті 4,3 мың теңге болды.

ҰСБ-ның 2026 жылғы қаңтар-тамыз дерегінде тірідей салмақта союға өткізілген мал мен құс көлемі 1,226 млн тонна болды. 2025 жылдың сәйкес кезеңінде бұл көрсеткіш 1,167 млн тонна еді. Сойыс салмағындағы көлем де 696,2 мың тоннадан 729,7 мың тоннаға дейін өсті. 

Мал саны да азаймаған. 2026 жылғы 1 қыркүйекте барлық санаттағы шаруашылықтарда ірі қара саны 9 млн басқа жуықтап, бір жылда 4,4% өсті. Қой саны 21,4 млн басқа жетіп, 3,1%, жылқы 4,87 млн басқа жетіп, 7,1%, түйе 310,9 мың басқа жетіп, 3,7% көбейді.

Инфографика: Kazinform

Үкіметтің мамырдағы дерегі де осы бағытты көрсеткен: 2026 жылдың алғашқы төрт айында барлық ет өндірісі тірідей салмақта 559,8 мың тоннаға, сойыс салмағында 338,2 мың тоннаға жетіп, соңғысы бір жылда 3,4% өскен. Оның ішінде сиыр еті 112,9 мың тонна, жылқы еті 41,2 мың тонна, қой еті 34,7 мың тонна болды.

Бұған қоса, тоңазытылған жас ет өндірісі де өсіп отыр. 2026 жылғы қаңтар-шілдеде оның көлемі 48,2 мың тонна болып, бір жылда 9,3% артты. Бұл осы кезең үшін 1999 жылдан бергі ең жоғары көрсеткіш.

Демек, ішкі нарықтағы қымбатшылықты «мал азайып, ет жетпей қалды» деп түсіндіру қиын.

Экспорт та өсіп келеді

Қазақстан ет өндірісін ұлғайтып қана қоймай, экспортты да арттырды. 2025 жылдың қорытындысында сиыр етінің экспорты 32,3 мың тоннаға жетіп, бір жылда 1,5 есе өсті. Қой етінің экспорты 34,5 мың тонна болып, 1,9 есе артты.

2026 жылдың алғашқы бес айында сиыр етінің экспорты шамамен 8 мың тонна болды. Қой етінің экспорты 13,1 мың тоннаға жетті. Яғни сыртқы сұраныс сақталып отыр.

Бірақ экспорттың көлемін ішкі нарықтағы қымбатшылықтың тікелей себебі деп көрсетуге де негіз жоқ. Біріншіден, экспорт өндірістің салыстырмалы түрде аз бөлігін алып тұр. Екіншіден, сыртқы нарыққа көбіне жоғары сапалы, тоңазытылған жас ет шығарылады.

Импорттың үлесі

2026 жылғы қаңтар-мамырда Қазақстанға 6,6 мың тонна сиыр еті импортталды. Бір жыл бұрын осы кезеңде импорт 7,3 мың тонна болған. Яғни 700 тоннаға немесе шамамен 9,6% қысқарған.

Қой етінің импорты 18,5 тонна болды. Бұл ішкі нарықтағы қой етінің бағасына импорттың айтарлықтай ықпал етпейтінін көрсетеді.

Сауда және интеграция министрлігінің мәліметіне сенсек, ішкі тұтынуға қажет сиыр етінің шамамен 90%-ын, қой етінің 95%-ын отандық өндіріс қамтамасыз етеді. Сондықтан импорттың өсуі ішкі бағаны түсіретін фактор болып тұрған жоқ. Керісінше, сиыр етінің импорты бір жылда азайған.

Малшының айлығы ше?

Ұлттық статистика бюросының 2026 жылғы II тоқсан дерегі бойынша, өсімдік және мал шаруашылығы, аңшылық салаларында орташа айлық жалақы 20,3% өсіп, 299,5 мың теңгеге жеткен. Өсім қарқыны жоғары болғанымен, бұл көрсеткіш жалақысы ең төмен секторларға тән. Оның үстіне ресми статистикада нақты мал шаруашылығындағы жалақы мөлшерінің есебі бөлек жүргізілмейтіндіктен, үш бірдей салаға ортақ мәнді негізге алып, ет бағасы өскенде малшы қауымның айлығы өсті деп айтуға және болмайды.

HeadHunter порталындағы вакансияларда мал шаруашылығы қызметкерлерінің жалақысы қызмет деңгейіне қарай айтарлықтай өзгереді. Қарапайым малшыға 200-250 мың теңге ұсынылса, зоотехник пен ветеринарлардың жалақысы 300-550 мың теңге, бас зоотехникке 700 мың теңгеге дейін, ал ферма басқарушысына 500-800 мың теңгеге дейін жетеді. Яғни саладағы біліктілігі төмен жұмыс орындары мен басқарушы позициялар арасындағы айырмашылық бірнеше есеге дейін барады.

Бірақ бұл ресурстан өткен кезеңнің ұсыныстар архивін қарау мүмкін болмағандықтан жұмыс берушілер ұсынатын айлықтың кейінгі екі жылда қалай құбылғанын көру мүмкін болмады.

Есесіне Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі құрған электронды еңбек биржасындағы «Мансап компасында» мал шаруашылығындағы үш негізгі мамандық иелеріне ұсынылған айлықтың қалай өзгергені нақты берілген.

Малшы

Mansap.enbek.kz дерегінде 2024 жылы жұмыс берушілер малшыға ұсынған ең жоғары айлық 206 217 теңге, 2025 жылы 232 664 теңге болды. Бір жылда өсім 26 447 теңге, немесе 12,8%. Ал 2026 жылғы қыркүйектегі Enbek.kz вакансияларында малшыға ұсынылатын ең жоғары жалақы 265 мың теңгеге жетті. Басқа ұсыныстарда жалақы 170-198 мың, 100-200 мың, 85-200 мың теңге аралығында, ал Зайсан ауданындағы тағы бір вакансияда 85 мың теңгеден басталады.

Зоотехник

2024 жылы Mansap дерегіндегі ең жоғары көрсеткіш 299 999 теңге болса, 2025 жылы 272 955 теңге болды. Яғни бір жылда 27 044 теңгеге, немесе 9% төмендеген. 2026 жылғы Enbek.kz-тегі ұсыныстардың бірінде Қарағанды облысында зоотехникке 300 мың теңгеден жалақы көрсетілген. Бұл 2025 жылғы Mansap көрсеткішінен 27 045 теңгеге жоғары.

Ветеринар

2024 жылы ең жоғары көрсеткіш 309 756 теңге, 2025 жылы 290 734 теңге болды. Демек, бір жылда 19 022 теңгеге, немесе 6,1% төмендеген. Ал 2026 жылғы қыркүйектегі Enbek.kz вакансияларында ветеринар дәрігеріне ұсынылатын ең жоғары жалақы 379 мың теңгеге жеткен. Қостанайда 230 мың, Қарағандыда 204 448 теңге ұсынылған. Ветеринар фельдшеріне 160 мың теңгеден, ветеринариялық санитарға 85–150 мың теңге аралығында жалақы көрсетілген.

Инфографика: Kazinform

Қымбат ет мал шаруашылығын ынталандырып отыр ма?

Ресми статитистика бойынша, ет бағасымен бірге мал саны да өсіп жатыр. Союға өткізілген мал көлемі де, ет өндірісі де көбейген. Экспорт та жоғары деңгейде қалып, саладағы жалақы да өскен.

Бірақ осының бәрі ет бағасының өсуі фермердің таза пайдасын дәл сондай мөлшерде арттырды деген сөз емес. Өндіріс шығынының негізгі бөлігі жемшөпке тиесілі, ал еттің соңғы бағасына өндірістен кейінгі тасымал, өңдеу, көтерме және бөлшек сауда шығындары да қосылады. Өкінішке қарай, Ұлттық статистика бюросы 2013 жылдан бері ет өндірісіне жұмсалған материалдық шығын көрсеткішін жарияламайды.

Түйіндесек, еттің қымбаттауы малшы қауымның табысын өсірді деуге келетін белгілер әлсіз де болса бар. Алайда тұтынушы төлеген қымбат бағаның қанша бөлігі нақты мал өсірушіге жетіп жатқанын ресми статистика ашпайды.