АСТАНА. ҚазАқпарат - Наурыздың 25-інен 26-на қараған түні футболдан 2024 жылғы Еуропа чемпионатына іріктеу сатысы аясында бірінші турдың үшінші ойын күні өтеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Бұл күні A, D, I топтарында алғашқы тур ойындары болады.
Үшінші ойын күнінде А тобында Испания мен Норвегия құрамалары шеберлік байқасады. Көптеген футбол жұлдызы бар испаниялық құрама бүгін жеңіске жету жолын іздейтіні анық. Сондай-ақ бұл күні аталған топта Шотландия мен Кипр құрамалары ойнайды. Олардан басқа топта Грузия құрамасы да сынға түседі.
Ал D тобында Хорватия мен Уэльс, Армения мен Түркия кездеседі. Бұл топта тағы Латвия құрамасы да бар.
I тобында Беларусь пен Швейцария, Израиль мен Косово, Андорра мен Румыния құрамалары кездеседі.
Еске салсақ, 23 наурызда Еуропа чемпионатының іріктеу сатысы бірінші турында Қазақстан құрамасы Словенияға жол берді.
Сондай-ақ сол күні C, H, J топтарында алғашқы тур ойындары өткізілді.
Ал 24 наурызда В, E, F, G топтарында алғашқы тур нәтижесі белгілі болды.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.