6 мамыр кешінде Еуропарламент, Еуропалық кеңес және Еуропалық комиссия өкілдерінің кездесуі өтті. Алайда келіссөздер нәтижесіз аяқталған.
Тараптар 2025 жылдың шілдесінде жасалған АҚШ-пен сауда келісіміне енгізілетін түзетулерді талқылаған. Құжатта АҚШ-қа экспортталатын еуропалық тауарларға 15 пайыздық баж салығын енгізу қарастырылған.
Бұған дейін Дональд Трамп Еуроодаққа қарсы 30 пайыздық тариф енгізетінін айтқан еді. Алайда өткен жылғы келіссөздер барысында бұл көрсеткішті төмендетуге мүмкіндік туған. Өз кезегінде Еуроодақ америкалық тауарларға нөлдік баж салығын енгізуге келіскен.
Сонымен қатар келісімде Еуроодақтың АҚШ-тан 750 миллиард доллар көлемінде энергия ресурстарын сатып алуы және америкалық экономикаға 600 миллиард доллар инвестиция құюы туралы айтылған.
Келісімді бекіту процесі созылып кеткендіктен, биыл 1 мамырда Трамп Еуроодақтан әкелінетін жеңіл және жүк көліктеріне баж салығын 25 пайызға дейін көтеретінін мәлімдеді. Оның сөзінше, Еуроодақ сауда келісімінің шарттарын орындамаған.
Айта кетелік Еуроодақ АҚШ тауарларына салық салатыны туралы жазған едік.