Еуроодақ Грузияға қарсы жаңа санкциялар енгізуі мүмкін

АСТАНА. KAZINFORM – Еуропалық одақ елдерінің сыртқы істер министрлері 2027 жылдың қаңтарында Грузияға қатысты жаңа шаралар қабылдау мәселесін талқылайды. Бұған елдегі демократиялық стандарттардың нашарлауы себеп болып отыр, деп хабарлайды Euronews .

Фото: European Union / Wikimedia

Бұл туралы 4 қарашада Еуропалық одақтың сыртқы саясат жөніндегі жоғарғы өкілі Кая Каллас мәлімдеді.

Оның айтуынша, Еуропалық комиссияның ЕО-ға мүшелікке үміткер елдердің ілгерілеуі туралы жыл сайынғы есебінде Грузиядағы демократиялық жағдайдың одан әрі нашарлағаны көрсетілген.

Атап айтқанда, құжатта азаматтық қоғам қызметіне жаңа шектеулер енгізілгені және негізгі құқықтар саласындағы жағдайдың күрделене түскені айтылған.

– Грузия үкіметі демократиялық құндылықтардан алшақтауына байланысты қазір Еуропалық одақпен текетіреске бет алып барады. Бұл анық байқалып отыр. Қабылданған шаралар дұрыс бағытта емес, – деді Кая Каллас баспасөз мәслихатында.

Euronews тілшісінің Грузия үкіметіне қарсы жаңа санкциялар ұсыныла ма деген сұрағына жауап берген Каллас әзірге бұл туралы айту ерте екенін жеткізді. Оның сөзінше, қаңтардағы талқылаудың мақсаты – ЕО елдерінің ұстанымдарын келісу.

– Біз үшін ең маңыздысы – Грузия халқын және оның Еуропалық одақтың бір бөлігі болуға деген ұмтылысын қолдайтынымызды айқын көрсететіндей әрекет ету. Сонымен қатар үкіметке оның қазіргі саясатын қолдамайтынымыз туралы нақты белгі беруіміз керек. Қазір барлық нұсқа қарастырылып жатыр, – деді ЕО сыртқы саясат жөніндегі жоғарғы өкілі.

2024 жылы Еуроодақтың дипломатиялық қызметі бейбіт шерулерді күшпен таратқаны үшін жауапты грузиялық шенеуніктерге санкция енгізуді ұсынған. Алайда бұл бастаманы Венгрия мен Словакия бұғаттаған болатын.

Содан бері Венгрияда билік ауысып, жаңа үкімет Ресейге қарсы санкциялар мәселесіндегі ұстанымын айтарлықтай өзгерткен.

Соған қарамастан, Брюссель Грузияның дипломатиялық паспорт иелеріне арналған визасыз режимді уақытша тоқтатты. Бұл шешім санкциялардан айырмашылығы, ЕО елдерінің бірауыздан қолдауын талап етпейтін білікті көпшілік дауыспен қабылданған.

Шектеу 2026 жылдың наурызында бір жыл мерзімге күшіне енді. Оны тағы екі жылға дейін ұзартуға болады. Ол үшін Еуропалық комиссия 2027 жылғы 6 қаңтардан кешіктірмей тиісті құқықтық акт қабылдауы қажет.

2024 жылдың қарашасында Грузия билігі 2028 жылдың соңына дейін Еуроодаққа кіру жөніндегі келіссөздерді бастауға ұмтылмайтынын біржақты мәлімдеген еді.

Ал 3 қарашада Euronews ұйымдастырған ЕО-ның кеңеюіне арналған саммитте Грузия премьер-министрі Ираклий Кобахидзе елінің Еуроодаққа қосылу бағытын берік ұстанатынын айтты. Алайда Брюссельмен қарым-қатынасты қалпына келтірудің нақты жоспарын ұсынбады.

Айта кетейік, бұған дейін Еуропалық одақ үшінші елдермен визасыз қатынау тәртібін қатаңдатқан болатын. Жаңа ережелерге сәйкес, адам құқықтарының бұзылуы да визасыз режимді уақытша тоқтатуға негіз бола алады.