Еурокомиссия төрағасының орынбасары Роксана Минцатудың айтуынша, жаңа бағдарлама оқушыларға жасанды интеллектінің жұмыс істеу қағидаларын түсінуге, ақпараттың шынайылығын тексеруге және манипуляцияларды ажыратуға көмектеседі.
– Бұл бастама кіші жастағы оқушыларға жасанды интеллектінің қалай жұмыс істейтінін түсінуге көмектеседі. Олар жасанды интеллект ұсынған ақпаратты тексеруді үйренеді. Сондай-ақ манипуляцияларды анықтап, оны қай кезде пайдалануды тоқтату керектігін білетін болады, – деді Роксана Минцату.
Брюссель жаңа сертификаттау жүйесін 2027-2028 оқу жылында іске қосуды жоспарлап отыр.
Бастама әлемнің көптеген елінде мұғалімдер мен оқушылар жасанды интеллектіні білім беру үдерісінде қолданудың салдарымен бетпе-бет келіп отырған кезеңде қолға алынды.
PISA 2025 халықаралық зерттеуінің соңғы деректеріне сәйкес, Еуроодақтағы 15 жастағы жасөспірімдердің шамамен үштен бірі оқу және математика бойынша төмен нәтиже көрсеткен.
Осыған байланысты Еурокомиссия жасанды интеллект мүмкіндіктерін пайдалану арқылы оқыту тиімділігін арттыруды көздейді.
Еуроодаққа мүше мемлекеттердің білім беру саясаты Брюссельдің тікелей құзыретіне кірмейді. Соған қарамастан Еурокомиссия балаларды оқытуда жасанды интеллектіні қауіпсіз пайдалану жолдарын зерттеуге қолдау көрсетіп келеді.
Еуропалық шенеуніктердің пікірінше, оқушылар мен мұғалімдердің жасанды интеллект туралы білімін арттыру, оның мүмкіндіктері мен қауіптерін түсіндіру білім сапасын жақсартуға ықпал етеді.
Сонымен қатар Брюссель жасөспірімдердің әлеуметтік желілерге қолжетімділігін шектеуге бағытталған заңнамалық бастамаларды да ілгерілетіп жатыр.
Роксана Минцату бұл екі бастаманың бір-біріне қайшы келмейтінін атап өтті.
– Жасанды интеллект білім беру үдерісінің жекелеген бағыттарын айтарлықтай жақсарта алады. Атап айтқанда, ол қосымша сабақ өткізу мен әр оқушының қажеттілігіне бейімделген оқыту жүйесін дамытуға мүмкіндік береді, – деді ол.
Айта кетейік, бұған дейін Еурокомиссия 13 жасқа дейінгі балалардың әлеуметтік желілерге қолжетімділігін шектеуді ұсынған болатын. Бастама балаларды цифрлық платформалардың ықтимал зиянды әсерінен қорғауға бағытталған.