Еуроодақтың Халықаралық әріптестік жөніндегі комиссары Қазақстанға келеді
ТАШКЕНТ. KAZINFORM – 12-18 наурыз аралығында Еуропалық Одақтың Халықаралық әріптестік жөніндегі комиссары Йозеф Сикела Орталық Азияның 5 мемлекетіне сапарлайды, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.
Айта кетейік, Йозеф Сикеланың сапары биыл сәуірде Өзбекстанда өтетін «ЕО – Орталық Азия» форматындағы алғашқы саммит қарсаңында ұйымдастырылып отыр.
- Орталық Азия Еуропалық Одақтың маңызды серіктесі саналады. Біз бұл ынтымақтастықтың болашағына мол сеніммен қараймыз. Қазіргі жаһандық сын-қатерлер серіктестікті жүйелі жолға қоюды және байланыстарды нығайтуды талап етеді. Менің мақсатым - ЕО мен Орталық Азия арасындағы ынтымақтастық негізінде білім беру, заманауи инфроқұрылым жасақтау, сапалы жұмыс орындарын ашу салаларында жүзеге асып жатқан жобаларды бағамдау, - деді Йозеф Сикела.
Сапар аясында, көлік-логистикалық маршруттарды дамыту, оның ішінде Орта дәліздің әлеуетін арттыруға ерекше назар аударылмақ. Бұған қоса, ЕО мен Орталық Азия елдері арасындағы сирек металлдар бойынша ынтымақтастыққа мән берілмек.
Еуропалық Одақтың ресми сайтынан мәлім еткендей, сапар аясында Йозеф Сикела аталған салаларды бірлесіп ілгерілетуге бағытталған бірнеше құжатқа қол қоймақ.
Еске салайық, Еуроодақ пен Орталық Азия елдерінің алғашқы саммиті биыл сәуірде Өзбекстанда өтеді. Оның барасында өңір мемлекеттері мен еуроаймақ елдерінің арасындағы ынтымақтастық мәселелері қаралады.
Қоса кетсек, Еуроодақтың ғылыми зерттеулерді қаржыландыру бағдарламасы Орталық Азиямен ынтымақтастықты жалғастырмақ.