Еуропа елдері Испанияға қаржылай көмек көрсетпек
АСТАНА.KAZINFORM - Брюссельде өтіп жатқан Еуропарламенттің жалпы отырысын Еуропарламент төрағасы Роберта Метсола ашты. Ол отырысты Испаниядағы су тасқыны құрбандарын бір минуттық үнсіздікпен еске алумен бастады. Бұл туралы Kazinform-ның меншікті тілшісі хабарлады.
Испаниядағы су тасқыны құрбандарын Еуропа парламентінің мүшелері бір минуттық үнсіздікпен еске алды.
Жиында Еуропа парламентінің президенті Роберта Метсола Испанияға қаржылық көмек көрсетуге дайын екендігін жеткізді.
Еуропалық комиссияның Испаниядағы жойқын су тасқыны, зардап шеккендерге шұғыл қолдау көрсету, дайындықты арттыру және климаттық дағдарыспен күресу туралы мәлімдемесі Еуропарламенттің сәрсенбідегі күн тәртібінің бірінші тармағы ретінде қарастырылды.
Бұған дейін Испания премьер-министрі Педро Санчес Еуропалық ынтымақтастық қорынан оның еліне осы ғасырда құрлықта болған ең ауыр су тасқынынан құтылуға көмектесу үшін қаражат сұрады. Кейін Испанияның премьер-министрі су тасқынына байланысты 3,7 миллион еуро көлеміндегі жаңа көмек туралы хабарлады.