Биыл атақты норвегиялық ойыншы әрі бапкер Уле Гуннар Сульшер тізгінін ұстаған «Бешикташ» осыған дейін Еуропа лигасында жалпы кестеде 6 ұпаймен 28-орында тұрған еді.
Ал жеңілмей келе жатқан «Атлетик» (Бильбао) көш бастаушылардың бірі еді. Соған қарамастан, ыстанбұлдық клуб азулы қарсыласын 4:1 есебімен ұтты. Милош Рашица қос голдың авторы атанса, Рафа Силва мен Жоау Мариу бір-бірден көзге түсті.
Қонақтардан Унаи Гомес жалғыз доппен жауап қайырды.
Қазақстан құрамасының ойыншысы Бақтиер Зайнутдинов алаңға 69-минутта шығып, өз командасының жеңіске жетуіне үлесін қосты.
Осы жеңістен кейін 9 ұпай жинаған «Бешикташ» Еуропа лигасында 18-орынға көтерілді. «Атлетик» 16 ұпаймен екінші сатыда қалды.
Бастапқы 24 орынға іліккен клубтар плей-офф кезеңіне жолдама алады.
«Бешикташ» Түркия чемпионатында 31 ұпаймен 6-сатыда келеді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын бүгін УЕФА Чемпиондар лигасы негізгі кезеңінің жетінші туры басталатынын жазған болатынбыз.