Еуропа лигасы: «Астананың» қарсыластары жайында не білеміз?

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Елордалық «Астананың» футболдан UEFA Еуропа лигасы L тобындағы қарсыластары жанкүйерге жақсы таныс командалар саналады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Естеріңізге сала кетелік, бүгін Еуропа лигасы топтық кезеңінің жеребесі тартылды.

Одан кейін «Астана» сынға түсетін L тобының ойын кестесі белгілі болды.

Енді топтық кезеңде «Астанаға» қарсылас командалар жайында айта кеткеніміз артық болмас. Айта кетерлігі, «Астана» бұған дейін олардың ешбірімен кездесіп көрген емес.

«МАНЧЕСТЕР ЮНАЙТЕД»

Әлем жанкүйерлері «Манчестер Юнайтед» жайында жақсы біледі. Ағылшындық клуб 1878 жылы құрылған. Бүгінгі күнге дейін өз елінде (Футбол лигасының бірінші дивизионы мен Премьер-лига) 20 мәрте чемпиондық атаққа ие болған. Соңғы рет 2012/2013 жылғы футбол додасында алтыннан алқа таққан еді. Ал 2017/2018 жылғы кезеңде екінші орын алды. Қалған жылдарда үздік үштікке іліге алмай келеді. «Манчестер Юнайтед» Чемпиондар лигасында (Чемпиондар кубогымен қоса есептегенде) үш мәрте жеңімпаз атанды. Ал 2016/2017 жылғы кезеңде Еуропа лигасында бас жүлдеге қол созды. Ал 1990/1991 жылдарда бір мәрте Суперкубокты төбесіне көтерді. Сондай-ақ, 2008 жылы клубтық әлем чемпионатында чемпиондық тұғырға көтерілді. «Манчестер Юнайтед» соңғы футбол маусымында алтыншы орын алған болатын. Бүгінде команда құрамында есімі әлем жанкүйерлеріне жақсы таныс қақпашы Давид де Хеа, жартылай қорғаушы Поль Погба, Хуан Мата, шабуылшы Маркус Рашфорд, Эшли Янг және өзге де жұлдыздар бар. Командаға кезінде аталмыш команданы өрге сүйреген футболшының бірі Уле Гуннар Сульшер бапкерлік жасайды.

«ПАРТИЗАН».

Сербиялық «Партизан» командасы еурокубок ойындарында жоғары жетістігімен мақтана алмайды. Команданың құрылғанына биыл 74 жыл толды. Алдымен Югославия, одан кейін Сербия біріншілігін қоса есептегенде 27 мәрте чемпиондық тұғырға көтерілді. 1966 жылы Еуропа чемпиондары кубогының финалына дейін жетіп, соңғы сәтте Испанияның «Реал Мадрид» клубына 1:2 есебімен жол беріп қойды. Биылға дейін 2010/2011 жылғы футбол маусымында UEFA Чемпиондар лигасының топтық кезеңіне сынға түссе, қалған жылдарда іріктеу кезеңдерінен аса алған жоқ. Ал Еуропа лигасында 7 мәрте топтық кезеңде бақ сынады. Соңғы 2018/2019 жылғы маусымында өз елінің біріншілігінде қола жүлдегер атанды. Команда құрамында негізінен жергілікті футбол түлектері ойын көрсетеді. Қазіргі күні «Партизан» командасының тізгінін серб бапкері Саво Милошевич ұстап отыр.

АЗ «АЛКМАР».

Голландиялық клуб 1967 жылдан бері ойын көрсетіп келеді. Бүгінгі күнге дейін өз елінде 2 мәрте чемпион атанды. Оған қоса 2 мәрте күміс, 7 мәрте қола жүлдеге қол созды. 1980/1981 жылғы футбол маусымында аталмыш клуб UEFA кубогының финалында Англияның «Ипсвич Таун» клубына жол беріп қойды. Еурокубок ойындарында бұдан басқа жоғары табысқа қол жеткізіп көрген емес. Өз елінің соңғы біріншілігінде олар төртінші орынға тұрақтады. Командаға жергілікті маман Арне Слот бапкерлік жасайды. Бұл клуб Қазақстан клубтарымен екі мәрте кездесіп үлгерді. Алдымен 2010 жылы Еуропа лигасы плей-офф кезеңінде «Ақтөбе» командасын өз алаңында 2:0 есебімен жеңіп, сырт алаңда 1:2 есебімен жол берді. Нәтижесінде топтық кезеңге жолдама алды. Ал 2018 жылы Еуропа лигасы екінші іріктеу сатысында олар біздің Алматының «Қайрат» командасына (2:1, 0:2) жол берді.

Енді «Астана» командасы жайында аз-кем айта кеткеніміз артық болмас. 2009 жылы құрылған команда содан бері бес мәрте чемпион атанып үлгерді.

Айта кетелік, соңғы бес жылдан бері олар тұрақты түрде алтыннан алқа тағып келеді. Сондай-ақ, 2015 жылдан бері Чемпиондар лигасы мен Еуропа лигасы топтық кезеңінде тұрақты түрде бақ сынап жүр.