Алматыны гүлге көмкеріліп, жасыл желегі жайқалған көшелерсіз елестету мүмкін емес. Қала аумағын абаттандырып, көркейту үшін жыл сайын мыңдаған көшет отырғызылады. Бірақ ішкі сұранысты отандық шаруашылықтар толық қамтамасыз ете алмай отыр. Сондықтан Алматы әкімдігі тәлімбақ құру мәселесін қолға алған.
— Қазіргі таңда Алматыда арнайы тәлімбақтың болмауы сыртқы жеткізушілерге тәуелділікті күшейтіп, көшеттердің бағасы мен жерсіну сапасына әсер етіп отыр. Сондықтан өзіндік тәлімбақ базасын қалыптастыру көгалдандыру саласын тұрақтандырып, қалалық ортаның сапасын арттырудағы маңызды стратегиялық қадам, — деп хабарлады әкімдіктен.
Kazinform агенттігінің сауалына жауап берген Алматы қаласының Экология және қоршаған орта басқармасы биыл мегаполисте отырғызылған ірі көшеттер Еуропа елдерінен және Түркияның питомниктерінен жеткізілгенін атап өтті. Ал шағын көшеттер мен сәндік бұталардың негізгі бөлігі елдегі жергілікті питомниктерде өсірілген.
— Ал қаланы маусымдық гүлдендіру үшін пайдаланылатын гүлдердің бір бөлігі Түркия питомниктерінен жеткізілсе, қалған бөлігі жергілікті питомниктерде өсіріліп, Алматы қаласын көгалдандыру жұмыстары барысында пайдаланылып жатыр, — деп жауап берді ведомстводан.
Экология және қоршаған орта басқармасының мәліметінше, қазіргі Алматыда тұрақты қалалық тәлімбақ құру жобасы әлі де талқылау кезеңінде. Жобаны іске асыру үшін инвесторлар мен демеушілік ресурстарды тарту бағытында келіссөздер жүргізіліп жатыр.
— Болашақ тәлімбақта Алматы қаласының климаттық жағдайына бейімделген жапырақты және қылқан жапырақты ағаштар, сәндік бұталар мен көпжылдық гүлдер өсіру жоспарланып отыр. Бұл қаланы бұта және көшеттермен қамтамасыз етуге, сыртқы жеткізушілерге тәуелділікті азайтуға және жасыл желектерді кезең-кезеңімен жаңарту жұмыстарын тиімді жүргізуге мүмкіндік береді, — делінген басқарма жауабында.
Ведомство өкілдері жобаны қаржыландыру үшін әртүрлі тетіктер қарастырылып жатқанын, оның ішінде инвесторлар мен демеушілік қаражат тарту мәселесі бар екенін атап өтті.
Еске салайық, былтыр мегаполисте шамамен 370 мың бұта және 5 мыңнан астам ірі көлемді ағаш отырғызылды. Ал биыл олардың саны айтарлықтай көбеймек. 2026 жылғы жоспар бойынша 500 000 бұта мен 7 200 ірі ағаш егілуі тиіс. Одан бөлек кесілген ағаштардың орнына 40 мың көшет отырғызу жоспарланған.
Бұған дейін Алматының Медеу ауданында көшедегі ағаштарды заңсыз кесу дерегі анықталды.