Бұл шешім сайлау науқанының соңғы кезеңіне тұспа-тұс келді. 29 қараша, жексенбі күні Испанияда кезектен тыс парламент сайлауы өтеді.
Ал 26 қараша күні кешке Педро Санчес оппозиция жетекшісі, Халық партиясының өкілі Альберто Нуньес Фейхоо, Vox оңшыл партиясының басшысы Сантьяго Абаскаль және солшыл альянс өкілі Ада Колаумен қорытынды теледебатқа қатысады.
Испаниялық БАҚ-тың жазуынша, бұған дейін Альберто Нуньес Фейхоомен өткен бетпе-бет дебатта оппозиция жетекшісі басым түскен.
Еуропа кеңесінің төрағасы Антониу Кошта шақырған саммитте көшбасшылар Еуропа одағының 2028-2034 жылдарға арналған көпжылдық қаржы жоспарын және Украинаға 45 млрд еуро көлемінде несие беру мәселесін талқылап жатыр.
Сонымен қатар Еуропа орталық банкінің президенті қызметіне Пабло Эрнандес де Костың кандидатурасын бекіту жоспарланған. Алайда бұл мәселелер бойынша Испанияның атынан Франция дауыс береді.
Еуропалық БАҚ дереккөздері Мадрид пен Париждің Еуропа одағының ауқымды бюджетін қалыптастыру мәселесінде саяси ұстанымдары мен өзара байланысы жақын екенін айтады.
Айта кетейік, Испанияда кезектен тыс парламент сайлауын өткізу туралы шешім қазан айының басында қабылданған. Бұған тұрғын үй дағдарысын шешуге бағытталған үкімет қаулыларының парламентте қолдау таппауы және осы мәселеге байланысты жаппай наразылықтар түрткі болды.
Соңғы сауалнамаларға қарағанда, Халық партиясы мен ультраоңшыл Vox партиясы Депутаттар конгресіндегі орындардың басым бөлігін иеленуі мүмкін. Мұндай жағдайда Санчес бастаған социалистердің сегіз жылдық биліктен кейін үкіметті сақтап қалуы қиындай түседі. Ал соңғы апталарда Халық партиясы мен Испания социалистік жұмысшы партиясының (PSOE) арасындағы рейтинг айырмасы қысқарған.
Сондай-ақ желтоқсанда өтетін Еуропа кеңесінің кезекті саммитіне Санчес премьер-министр міндетін уақытша атқарушы мәртебесінде қатысуы мүмкін. Өйткені жаңа парламент тек 23 желтоқсанда ғана жұмысын бастайды.
Бұған дейін Еуропа кеңесінің төрағасы Антониу Коштаның Еуропа одағына мүше 27 елдің мемлекет және үкімет басшыларын 26-27 қарашада Брюссельде өтетін арнайы саммитке шақырғанын хабарлаған едік.