— Мен үшін Қазақстанда болу — үлкен ғанибет. Бұл менің бесінші сапарым. Қазақстанмен ынтымақтастығымыз бен өзара іс-қимылымыз қарқынды дамып келеді және жоғары деңгейде. Қазақстан Еуропалық одақ үшін маңызы басым әріптес саналады. Біздің тауар айналымымыз жыл сайын 45 миллиард еуроға жетеді. Ал Еуропа одағы — Қазақстанның ең ірі сауда серіктесі және негізгі инвестиция көзі, — деп атап өтті Дэвид О’Салливан Астанада өткен баспасөз мәслихатында.
Арнайы өкілдің айтуынша, өзара іс-қимыл Кеңейтілген әріптестік және ынтымақтастық туралы келісім аясында жүргізіліп келеді. Бұл құжат байланыстарды одан әрі нығайтудың маңызды құралы болып отыр.
Қазіргі уақытта тараптар визалық рәсімдерді жеңілдету және реадмиссия туралы келісімдер бойынша келіссөз жүргізіп жатыр.
— Бүгінгі сапарым Қазақстан Үкіметімен диалог аясында өтіп жатыр. Біз бұл диалогты санкцияларды айналып өтудің алдын алуға негіздейміз. Сондай-ақ қаржы жүйелеріне қатысты мәселелер талқылануда. Әрине, жұмыс ешқашан аяқталмайды, бізді әлі де көп жұмыс күтіп тұр, — деп толықтырды ЕО-ның арнайы өкілі.
Бұған дейін Дэвид О’Салливан Еуропалық одақ Қазақстан мұнайының экспортына кедергі келтірмейтінін айтқан еді.