Лондон Империал колледжі мен Лондон гигиена және тропикалық медицина мектебінің зерттеушілері жүргізген бағалауға сәйкес, жаздың үш айында Еуропада аптап ыстық салдарынан 50 391 адам мезгілінен бұрын көз жұмған. Ғалымдар оның 32 619-ын жаһандық жылыну салдарынан температураның қосымша көтерілуімен байланыстырады.
Зерттеу нәтижелері халықаралық Nature Health ғылыми журналында жариялауға дайындалған.
— 2026 жылдың жазы Еуропаның ауқымды аумақтарында аптап ыстыққа байланысты өлім-жітім көрсеткіші бойынша бақылау тарихындағы ең ауыр кезең болғанына сенімдіміз, — деді Лондон Империал колледжінің климатологы Клэр Барнс.
Зерттеу Еуропаның 30 еліндегі 854 қалалық аумақты қамтыды. Олардың қатарында Еуропалық одақ елдері, Ұлыбритания, Норвегия және Швейцария бар. Бұл аумақтарда аталған елдер халқының шамамен 40%-ы тұрады.
Аптап ыстық әсіресе егде жастағы адамдарға айтарлықтай әсер еткен. Алайда ғалымдардың мәліметінше, қайтыс болғандардың шамамен алты мыңы 65 жасқа толмаған.
Есептеулерге қарағанда, 2026 жылдың жазы 2000 жылдан бергі зерттеу кезеңінде өлім-жітім ең көп тіркелген жаз болды. Салыстыру үшін, 2022 жылдың жазында дәл осы қалаларда аптап ыстық салдарынан шамамен 29,5 мың адам қайтыс болған. Осылайша, 2026 жылғы көрсеткіш 71%-ға жоғары болды.
Германияда Роберт Кох институтының жеке бағалауына сәйкес, жазғы маусымда аптап ыстықтың салдарынан шамамен 16 мың адам көз жұмған.
Ғалымдардың айтуынша, климаттың өзгеруіне байланысты жиілеп бара жатқан шектен тыс жоғары температураға Еуропа қалалары әлі де жеткілікті деңгейде дайын емес.
— Қалаларымыздың температураның жоғарылауына нашар бейімделгені барған сайын айқын болып келеді. Сондықтан бейімделу шараларын күшейту аса маңызды, — деп атап өтті эпидемиолог Пьер Массело.
Оның сөзінше, аптап ыстықтың зардабын азайту үшін жасыл аймақтардың санын көбейтіп, қалалық ортаны салқындату жағдайларын жақсартып, қоршаған ортаның ластануын азайту қажет.
Зерттеушілер келтірілген көрсеткіштер қайтыс болғаны туралы куәліктерді ресми есептеуге емес, температура деректері мен өлім-жітім модельдеріне негізделген статистикалық бағалаулар екенін атап өтті. Сонымен қатар зерттеу тек қалалық аумақтарды қамтығандықтан, Еуропада аптап ыстықтан зардап шеккендердің нақты саны бұдан да көп болуы мүмкін.
Еске салайық, бұған дейін Ұлыбританияда да биыл жазда аптап ыстықтан тарихи рекорд тіркелгенін жазғанбыз.