Еуропада ондаған рейсті басқарған ұшқышқа қатысты тергеу басталды

Фото: BILD

АСТАНА. KAZINFORM — Еуропада бірнеше ай бойы өзін ұшақ командирі ретінде таныстырып, жолаушылар ұшағын басқарған алаяққа қатысты тергеу жүріп жатыр, деп хабарлайды BILD.

Aero Telegraph басылымының хабарлауынша, Литваның Аvion Express авиакомпаниясында жұмыс істеген қызметкер құжаттарды қолдан жасап, экипаж командирі лауазымына ие болған. Алайда оның тек екінші ұшқыш ретінде біліктілігі бар болып шықты.

Осы уақыт ішінде ол Еуропада ондаған рейсті басқарған. Ол бұған дейін Индонезияның Garuda авиакомпаниясында ұшқыш болып жұмыс істеген.

— Жақында біз оның кәсіби тәжірибесіне күмән келтіретін ақпаратты білдік. Біз дереу ішкі тексеруді бастадық, — деп хабарлады Avion Express.

Ер адам Lufthansa — Eurowings еншілес компаниясының ұшақтарын да басқаруы мүмкін. Eurowings өкілі компанияның тексеру жүргізіп жатқанын хабарлады. 

Еске салайық, Венесуэла елдің әуе кеңістігін заңсыз кесіп өткен шағын ұшақты тоқтатты.