Еуропада туристер ең ұзақ аялдайтын ел анықталды

АСТАНА. KAZINFORM — Италия Франция мен Испанияны басып озып, туристер саны бойынша алға шықты. Сондай-ақ ел туристердің орташа аялдау ұзақтығы жөнінен Еуропада бірінші орынға ие болды. Мұны Италия премьер-министрі Джорджа Мелони мәлімдеді. Бұл туралы Agenzia Nova басылымы жазды.

Фото: Pixabay

Италия үкіметінің басшысы бұл туралы Римдегі Рипетта сарайында өткен «Италия бауырлары» партиясының туризм департаменті ұйымдастырған төртінші бағдарламалық конференцияға қатысушыларға жолдаған бейнеүндеуінде айтты.

Мелонидің сөзінше, туризм — ел экономикасы үшін стратегиялық маңызы бар сала ғана емес, ұлттық болмыстың ажырамас бөлігі.

— Туризм — экономикамыздың стратегиялық саласынан әлдеқайда ауқымды ұғым. Ол — біздің болмысымыздың бір бөлігі. Өйткені туризм әлемге Италияны таныстырады, өмір салтымызды көрсетеді және біз ең үздік жасай алатын дүниелерді дәріптейді, — деді премьер-министр.

Ол шетелдік саяхатшылар Италияны тек демалу үшін емес, ерекше әсер алу мақсатында да таңдайтынын атап өтті.

— Италияны таңдағандар мұнда жай ғана демалыстан әлдеқайда көп нәрсе алуға болатынын біледі. Олар бұл елде ерекше әсерге бөленетінін түсінеді. Мемлекеттік институттардың міндеті — осы салада еңбек етіп жүрген адамдарға туристердің әсерін одан әрі ұмытылмастай етуге көмектесу, — деді Мелони.

Оның айтуынша, кейінгі жылдары үкімет инвестицияларды қолдап, туристік қызметтердің сапасын арттыруға басымдық берген. Сондай-ақ саладағы заңсыз әрекеттермен күресіп, елдің барлық өңірінде жыл бойы туризмді дамытуға күш салған.

Мелони Италияға баратын саяхатшылар саны жөнінен Франция мен Испаниядан озып кеткенін мәлімдеді.

— Бұл — біз мақтан тұтатын тарихи жетістік. Сонымен қатар туристердің елде орташа аялдау ұзақтығы бойынша Еуропада бірінші орындамыз. Демек, туристік жүйеміз шетелдік қонақтарды көбірек тартып қана қоймай, олардың елде ұзақ уақыт болуына да жағдай жасайды, — деді үкімет басшысы.

Премьер-министрдің сөзінше, туристердің елде ұзақ болуы олардың шығынын көбейтіп, жаңа жұмыс орындарының ашылуына және туризмнен түсетін экономикалық пайданың өсуіне ықпал етеді.

— Турист елде неғұрлым ұзақ болса, соғұрлым көп ақша жұмсайды. Бұл жаңа жұмыс орындарын ашып, табыс әкеледі және баршаға пайдасын тигізеді, — деп түйіндеді Мелони.

Еске салайық, BBC Travel нұсқасы бойынша Алматы 2027 жылы саяхаттауға арналған әлемнің үздік 20 бағытының қатарына енді. Ол бұл тізімге кірген Орталық Азиядағы жалғыз қала болды.