Еуропалық Одақ пен Қазақстан арасында маңызы екі келісімге қол қойылды

Фото: Солтан Жексенбеков/ Kazinform

АСТАНА.KAZINFORM – Халықаралық әріптестік жөніндегі Еуропалық комиссар Йозеф Сикеланың Астанаға алғашқы ресми сапары аясында ЕО мен Қазақстан арасында маңызды екі келісімге қол қойылды.

— Біз жаңа ғана Еуропалық Одақ пен Қазақстан арасында жасалған екі маңызды келісімге куә болдық. Бұған дейін мен құрметті Мұрат Нұртілеу мырзамен және оның әріптестерімен кездестім. Кездесуде ЕО мен Қазақстан арасындағы әріптестіктің маңызды тұстары талқыланды. Біз сенімді әрі шынайы әріптестерміз. «Global Gateway» стратегиясы Қазақстанмен өзара тиімді қарым-қатынас құруға мүмкіндік береді. Біздің экономикаларымыз энергетикалық және цифрлық серпіліс жасау үшін технологияларға тәуелді. ЕО-ға өз экономикасын жаңғырту үшін аса маңызды шикізаттар мәселесі өзекті. Қазақстан тарапына да кен өндіру саласын жаңғырту мәселесі маңызды. Сондықтан Еуропа қайта құру және даму банкімен жасалған келісім әсіресе аса маңызды шикізаттар саласындағы әріптестікті арттыруда үлкен рөл ойнайды, - деді Йозеф Сикела.

Атап айтсақ, мынандай құжаттарға қол қойылды:

Қазақстанның Даму банкінің басқарма төрағасы Марат Елібаев пен Еуропалық инвестициялық банкі төрағасының орынбасары Эндрю Макдауэлл Қазақстанның Даму банкі мен Еуропалық инвестициялық банкінің несиелік келісіміне қол қойды.

Еуропа қайта құру және даму банкінің Қазақстандағы өкілдігі басшысының орынбасары Асқар Намазбаев пен Еуропалық комиссия Халықаралық әріптестік деректоратының Азия-Тынық мұхиты аймағы бойынша директоры Петерис Устубс Еуропа қайта құру және даму банкі мен Еуропалық одақ арасындағы «Орталық Азиядағы маңызды шикізат саласындағы қызметті кеңейту» өңірлік жобасына қол қойды.

Осыған дейін Еуропалық Одақтың тарихта алғаш рет Дипломатиялық академия құратыны туралы жаздық.