Еуропамен визасыз режимге көшу үшін қандай жұмыс жүргізіліп жатыр

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстан Еуропалық одақпен визасыз режимге қол жеткізуді көздейді. Қазір тараптар виза алу рәсімдерін жеңілдету және қажетті құжаттар санын азайту мәселесін талқылап жатыр. Бұл туралы Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді Ақорда кулуарында мәлімдеді.

Фото: coximmigration.com

Оның сөзінше, Қазақстан мен Еуропалық одақ алдағы үш жылға арналған жол картасын бекітуді жоспарлап отыр. Құжатта тараптардың бірлесіп өткізетін іс-шаралары қамтылады.

Соның ішінде визалық мәселелерге де басымдық берілген. Бұл бағытта Еуропалық комиссиямен тиісті жұмыс жүргізіліп жатыр.

– Әрине, болашақта визасыз режимге қол жеткіземіз деген үміт бар. Бірақ қазір бірінші кезекте виза алу рәсімдерін жеңілдетіп, қажетті құжаттар санын азайтуды көздеп отырмыз, – деді Мұхтар Тілеуберді.

Министрдің айтуынша, Қазақстан мен Бельгия арасындағы ынтымақтастық экономикалық байланыстармен шектелмейді. Тараптар мәдениет, салт-дәстүр, білім және ғылым салаларындағы әріптестікті де кеңейтуді жоспарлап отыр.

Осы орайда ертеңгі бизнес-форумда 17 коммерциялық келісімге қол қою көзделген. Ал университет ректорларының кездесуінде білім және ғылым саласындағы ынтымақтастыққа қатысты 24 келісімге қол қойылады деп жоспарланып отыр.

Бұдан бөлек, екі елдің сыртқы істер министрліктері арасындағы консультациялар барысында ынтымақтастықтың жаңа бағыттары айқындалмақ. Қазір жасанды интеллект пен цифрландыру саласындағы әріптестікті нығайту мәселесіне де назар аударылып отыр.

Айта кетейік, Бельгияның 600 жылдық тарихы бар университеті Қазақстанда «Сирек металдарды байыту» орталығын ашады.

Бұған дейін Бельгиялықтар Королі Филипп Қазақстанның бай тарихымен және мәдениетімен жақын танысуға ниетті екенін айтқан еді.

Өз кезегінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Бельгия арасында шешілмеген мәселе жоқ екенін мәлімдеді.