Deutsche Telekom, Orange, Telefónica және Vodafone компаниялары Mobile Satellite Services (MSS) спутниктік байланыс қызметтеріне арналған жиілік спектрін бірлесіп алуға өтінім беру мүмкіндігін қарастыру жөнінде ниет туралы хатқа қол қойды. Бұл туралы компаниялардың бірлескен мәлімдемесінде айтылған.
Бастама Еуропадағы мобильді байланыс операторларына спутниктік байланыс қызметтеріне ашық әрі әділ қолжетімділік беруді көздейді. Осы арқылы операторлар тұтынушыларға тікелей құрылғыға қосылатын спутниктік байланыс (Direct-to-Device, D2D) қызметтерін ұсына алады. Мұндай модель бәсекелестікті ынталандыруға, нарықтың бөлшектенуін азайтуға және тұтынушыларға таңдау мүмкіндігін кеңейтуге бағытталған.
Төрт компанияның мәлімдеуінше, жоба байланыс қызметтері жеткіліксіз қамтылған аумақтарда желі қолжетімділігін арттыруға, қоғамдық байланыс желілерінің тұрақтылығын жақсартуға және маңызды коммуникацияларды қорғауға көмектеседі. Сонымен қатар Еуропаның өзіндік спутниктік жүйесін дамытуға ықпал етеді.
Ұсынылып отырған келісімге сәйкес, операторлар Еуропада жерүсті желілік инфрақұрылымды құрып, негізгі үйлестіру және мониторинг міндеттерін атқарады. Алайда олар спутниктер тобын тікелей қаржыландыруды жоспарлап отырған жоқ. Оның орнына ғарыштық инфрақұрылым мен қажетті техникалық тәжірибені ұсынатын спутниктік серіктес таңдалады.
Серіктестік операторлардың қолданыстағы мобильді желілерін, тұтынушылар базасын және нарыққа шығу мүмкіндіктерін спутниктік байланыс провайдерінің технологиясы әрі спутниктік жүйелерді орналастыру тәжірибесімен біріктіреді.
Сонымен бірге ниет туралы хат операторлардың қазіргі спутниктік серіктестіктерін алмастырмайды. Компаниялар әзірге спутниктік серіктесті таңдаған жоқ және бірлескен өтінім беру туралы түпкілікті шешім қабылдамады.
Бұған дейін SpaceX компаниясының АҚШ-та жалпыұлттық сымсыз байланыс жиіліктерін пайдалану лицензияларын сатып алу туралы келісім жариялағаны белгілі болды.
Сондай-ақ Илон Маск балаларға SpaceX акцияларын тарататынын мәлімдеді.