Еуропаның төрт ірі футбол лигасы FIFA-ны реформалауды талап етті

АСТАНА. KAZINFORM – Германия Бундеслигасы, Англия Премьер-лигасы, Италия Серия А және Испания Ла Лигасының басшылығы FIFA-ға бірлескен үндеу жолдап, ұйымды ауқымды реформалауға шақырды, деп хабарлайды BILD басылымы .

Фото: haberler.com

– Соңғы жылдары футболдың қалыптасқан негіздері басқару жүйесіндегі түбегейлі мәселелер салдарынан қауіпке ұшырады. FIFA президенті олардың алдын алудың орнына, пайдаланушылық сипаттағы бастамаларды белсенді түрде ілгерілетті. FIFA-дағы басқару мәселесі бір ғана адамның қызметінен әлдеқайда ауқымды, – делінген үндеуде.

Лигалар өз мәлімдемесінде әлем чемпионатын өткізу құқығын сатуға сыртқы инвесторларды тарту жөніндегі сәтсіз жобаға, сондай-ақ АҚШ шабуылшысы Фоларин Балогуноның Дональд Трамппен телефон арқылы сөйлескеннен кейін дисквалификациясының күшін жоюына мысал келтірді.

Еуропалық лигалар үш нақты талап қойды. Олар – мүдделі тараптардың шешім қабылдау үдерісіне нақты қатысуын қамтамасыз ету, шешімдерді нақты деректер негізінде қабылдау және футболдың басты басқарушы органы ретінде FIFA-ны коммерциялық мүдделердің басым ықпалынан қорғау.

Лигалар 2027 жылғы 18 наурызда сайланатын FIFA президенті қызметіне кіріскеннен кейін алғашқы 100 күн ішінде тәуелсіз комиссия құрып, оның алты айдан кейін есебін жариялауын ұсынды.

Қазіргі уақытта Джанни Инфантино FIFA президенті лауазымына жаңа мерзімге үміткер ретінде ресми мәлімдеген жалғыз кандидат болып отыр.

Бұған дейін FIFA Джанни Инфантиноның беделіне нұқсан келтіруге бағытталған «келісілген және жалғасып жатқан әрекеттер» бар екенін мәлімдеген еді. Ұйым оның атына айтылып жүрген айыптауларды негізсіз әрі FIFA-да белгіленген демократиялық рәсімдерге сәйкес келмейді деп санайды.

Айта кетейік, бұған дейін FIFA президенті Джанни Инфантино қайта сайлауға түсетінін жаздық.

Ал алты елдің футбол қауымдастығы FIFA басшысына қарсы шықты.