Оқушылар сарайы алғаш рет халықаралық деңгейдегi байқауды Еуропалық фестиваль комитетiмен бiрiгiп ұйымдастыруда. Байқаудың қазылар алқасында халықаралық аккредитациядан өткен әлемге әйгiлi музыканттар, бишiлер мен вокалистер бар. Шараның негiзгi мақсаты - балалар мен жастар арасында жаңа дарындарды анықтап, оларды халықаралық деңгейге шығару және шығармашылық ұжымдар арасында тәжiрибе алмасу. Байқауға хореографиялық ұжымдар, ансамбльдер, шоу-балеттер, би театрлары, фольклорлық әншiлер, вокалдық орындаушылар қатысуда.
"Еуропалық фестиваль алғаш рет ТМД елдерiнде өтiп жатқандығы, соның iшiнде өткiзу құқығы Астанаға бұйырғаны - бiз үшiн үлкен қуаныш, үлкен мәртебе. Бұл байқауға қатысып жатқан барлық 600 қатысушыға, жас дарындарға сәттiлiк тiлеймiз. Бiзге тек өз өнерлерiңiздi жоғары деңгейде көрсетiп, әдемiлiк пен ең керемет дарындарыңызды паш етулерiңiзге тiлектеспiз", - дедi Астана қаласы Бiлiм басқармасының бастығы Эльмира Суханбердиева.
Айта кету керек, испаниялық FIESTALONIA балалар фестивалi алғаш рет Еуропа құрлығынан тыс жерде өткiзiлуде. Онда Ресей, Италия, Испания, Өзбекстан, Қырғызстан және Қазақстан елдерiнен 600-ге жуық бала бақтарын сынайды. Жеңiмпаздарға еуропалық өнер фестивалiнiң жеңiмпазы деген атақ берiледi. Сонымен қатар 6-10 қараша күндерi өтетiн шара барысында қазылар алқасының мүшелерi мен әлемдiк деңгейдегi жұлдыздар қазақстандық ұстаздар мен оқушыларға шеберлiк сағаттарын өткiзбек.