НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Кортрейкте теннистен Федерация кубогының іріктеу кезеңінде Қазақстан құрамасы Бельгиядан ұтылып қалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Бұл жолы әлемінің 63-ракеткасы Зарина Дияс рейтингте 81-орында тұрған Кирстен Флипкенспен сынға түсті.
Негізі Зарина Исалин Бонавантюрмен ойнауы керек еді. Дегенмен Бельгия құрамасы оны ауыстырып, жұптық бәсекеде кортқа шығуы тиіс К.Флипкенсті қосты. Бұл тактика өз жемісін берді. Бельгиялық спортшы 6:3, 6:4 есебімен жеңіске жетті.
Осылайша бельгиялықтар 3:1 есебімен алға шықты. Енді жұптық бәсеке ештеңе шешпейді. Бельгия 14-19 сәуірде Будапеште өтетін финалдық сайысқа жолдама алды. Оған ең үздік 12 құрама қатысады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Қазақстанның бір ұпай беріп қойғанын, Путинцеваның таразы басын теңестіргенін, бүгін оның жеңіліп қалғанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).