Фельдшер Ұлдана Мырзуанның күйеуі жәбірленуші мәртебесінен бас тартады

АСТАНА. KAZINFORM — Қызметтік міндетін атқару кезінде қаза тапқан фельдшер Ұлдана Мырзуанның күйеуі Әділет Зейнел сот отырысында жәбірленуші болудан бас тартпақ.

Видеодан алынған скрин

Бұл туралы Ә. Зейнелдің адвокаты Мұрат Мауметов сот кулуарында мәлім етті.

– Әділет жәбірленуші мәртебесінен бас тартып, Ұлдананың анасына береді. Заң бойынша жәбірленушінің мүддесін екі адам немесе біреуі ғана білдіре алады. Біз әзірге өтінішхат берген жоқпыз, бірақ оны береміз. Өтінішхаттан кейін Әділет сот отырыстарына қатысқысы келмейді. Бүгін қатысуымызды өтінді, – деді заңгер мұрат Мауметов.

Сонымен бірге, Ә. Зейнелдің шаңырақ көтеруін оның жеке мәселесі деп атап, пікір білдіруден бас тартты.

Айта кетейік, былтыр күзде елордадағы тұрғын үйде кірпіш қаптамасы құлап, мерт болған Ұлдана Мырзуанға қатысты іс сотта қаралып жатыр. Онда Пәтер иелері кооперативінің төрағасы айыпталушы ретінде жауапқа тартылған.

Бұған дейін Ә. Зейнел жәбірленуші мәртебесінен бас тартпайтынын айтқан еді.