Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев А санатына жататын отбасылардың қандай белгілер бойынша анықталатынын түсіндірді.
Министрдің айтуынша, А санатына әл-ауқаты жоғары отбасылар жатады. Оларды анықтау үшін төмендегі белгілердің кемінде екеуі қатар болуы қажет.
• бір адамға шаққандағы айлық табыс 356 мың теңгеден басталуы;
• жалпы ауданы 120 шаршы метрден асатын бірнеше тұрғын үйдің болуы;
• коммерциялық жылжымайтын мүліктің болуы;
• ірі бизнестің болуы;
• люкс санатындағы автокөлікке иелік ету;
• ірі жер учаскелері мен ауыл шаруашылығы активтерінің болуы.
Бұл ретте автомобильдердің шығу жылын ескере отырып, 11 марка – Ferrari, Rolls-Royce, Lamborghini, Bentley, Porsche, Maybach, Maserati, Aston Martin, McLaren, Lotus, Rivian болғанда әл-ауқаты жоғары отбасыға жатады.
Бір ғана көрсеткіш отбасын А санатына жатқызуға негіз болмайды.
– А санатына ең ауқатты үй шаруашылықтары жатады. Олардың қатарында Forbes тізіміне енген адамдар, ірі бизнес иелері, елеулі мүлкі мен ауыл шаруашылығы активтері бар адамдар кіреді. Қазіргі уақытта әл-ауқаты жоғары, А санатына жататын 329 мың үй шаруашылығы бар. Бұл – барлық үй шаруашылығының шамамен 5 пайызы, – деді А. Ертаев.
Еңбек министрі алты адамнан тұратын көпбалалы отбасын мысалға келтірді. Бұл отбасында жан басына шаққандағы айлық табыс – 458 мың теңге. Меншігінде жалпы ауданы 780 шаршы метр болатын үй мен пәтер, 2023 жылғы Bentley автокөлігі және 150 шаршы метр коммерциялық ғимарат бар.
– Бұл жоғары әл-ауқаттың төрт белгісі. Соған қарамастан, отбасы көпбалалы отбасыларға арналған жәрдемақы алады. Осындай кезде әділеттілік мәселесі туындайды: ауқатты отбасы мен қаражаты жеткіліксіз отбасы бюджеттен бірдей көмек алғаны дұрыс па? 2027 жылдан бастап мұндай отбасыға мұқтаждық принциптері бойынша төлемдер тағайындалмайды, – деді Асқарбек Ертаев.
Бұған дейін А. Ертаев бірде-бір мұқтаж қазақстандық қолдаусыз қалмайтынын айтқан еді.
Ал жәрдемақы үшін ажырасудың алдын алу үшін бөлек тұратын ата-аналар да баланың отбасы құрамына енгізіледі.