F тобы аясындағы кездесу Мексиканың Гуадалупе қаласындағы BBVA стадионында өтіп, жапондардың 4:0 есебіндегі сенімді жеңісімен аяқталды.
Есеп матчтың 6-минутында-ақ ашылды. Жапония құрамасының сапынан Даити Камада мергендік танытты. Ал 31-минутта Аясэ Уэда есеп айырмасын екі допқа жеткізді. Екінші таймда Дзюня Ито 69-минутта үшінші голды соқса, 83-минутта Уэда дубль авторы атанып, матчтың қорытынды есебін белгіледі.
Бұл жеңіс Жапония үшін турнирдегі алғашқы жеңіс болды. Бұған дейін команда алғашқы турда Нидерландпен 2:2 есебімен тең түскен еді.
Ал Тунис құрамасы қатарынан екінші рет жеңіліс тапты. Африкалық команда алғашқы ойында Швецияға 1:3 есебімен жол берген болатын. Екі турдан кейін ұпай жинай алмаған Тунис плей-офф кезеңіне шығу мүмкіндігінен айырылды.
Еске салайық, 2026 жылғы әлем чемпионаты АҚШ, Мексика және Канадада өтіп жатыр. Топтық кезең 27 маусымға дейін жалғасады. Плей-оффқа әр топтан үздік екі құрама, сондай-ақ үшінші орын алған ең үздік сегіз команда жолдама алады.
Бұған дейін Эквадор мен Кюрасао құрамаларының матчында жеңімпаз анықталмай, кездесу 0:0 есебімен аяқталған болатын.