Инфантиноның айтуынша, ФИФА бұл мәселені 2026 жылғы әлем чемпионаты аяқталғаннан кейін талқылайды.
– Әлем чемпионатын ұйымдастырғанда тек Еуропа мен Оңтүстік Америка үшін емес, бүкіл әлем үшін өткізу маңызды. Барлық елдің бұл турнирге қатысуды армандауға мүмкіндігі болуы керек. Егер шағын мемлекеттердің әлем чемпионатына қатысуына жол ашпасақ, олардың дамуға деген ынтасы да азаяды, – деді Джанни Инфантино.
Ол 48 құраманың қатысуымен өтіп жатқан қазіргі әлем чемпионатын табысты жоба деп бағалады.
– Африкадан келген он құраманың тоғызы топтық кезеңнен өтті. Ал өткен әлем чемпионатында құрлықтан небәрі бес құрама ғана өнер көрсетті. Бұл қатысушылар санын көбейтудің қаншалықты маңызды екенін көрсетеді, – деді ФИФА президенті.
Еске салсақ, 2017 жылы ФИФА кеңесі әлем чемпионатына қатысатын құрамалар санын 32-ден 48-ге дейін ұлғайту туралы шешім қабылдаған болатын.
Ал 2025 жылдың сәуірінде Оңтүстік Америка футбол конфедерациясы (CONMEBOL) 2030 жылғы әлем чемпионатына қатысатын командалар санын 64-ке дейін арттыруды ресми түрде ұсынды. Бұл мәселе бойынша әзірге түпкілікті шешім қабылданған жоқ.
Алайда бұл бастамаға футбол ұйымдарының бәрі бірдей қолдау білдіріп отырған жоқ.
УЕФА президенті Александер Чеферин мұндай өзгерісті «сәтсіз идея» деп бағалап, оның турнирдің өзіне де, іріктеу кезеңіне де кері әсер ететінін айтты.
Азия футбол конфедерациясының президенті шейх Салман бен Ибраһим Әл Халифа да бұл ұсыныс «бейберекетсіздікке әкелуі мүмкін» деп есептейді.
Ал Солтүстік және Орталық Америка мен Кариб бассейні футбол конфедерациясының (КОНКАКАФ) президенті Виктор Монтальяни қатысушылар санын ұлғайту «футбол экожүйесіне кері әсер етеді» деген пікір білдірді.
Сонымен қатар Ақ үйдің әлем чемпионатын ұйымдастыру жөніндегі жұмыс тобының атқарушы директоры Эндрю Джулиани АҚШ 2038 жылғы әлем чемпионатын қабылдауға өтінім беруге дайын екенін және 64 құраманың қатысуымен өтетін турнирді де өткізе алатынын мәлімдеді.
ФИФА ережесіне сәйкес, ұйым кеңес мүшелері ұсынған барлық бастаманы қарауға міндетті. Дегенмен қатысушылар санын 64-ке дейін арттыру туралы түпкілікті шешімді ФИФА кеңесі қабылдайды.
Айта кетейік, 2030 жылғы футболдан әлем чемпионаты Испания, Португалия және Мароккода өтеді. Турнирдің алғашқы үш матчы Аргентина, Уругвай және Парагвайда ұйымдастырылып, 1930 жылғы алғашқы әлем чемпионатының 100 жылдығына арналады.
Бұған дейін әлем чемпионатының жартылай финалындағы ойындар қай телеарнадан көрсетілетіні хабарланды.