Филологтар даярланатын оқу орындарын қысқарту жұмысы жалғаса береді - Б. Жұмағұлов

АСТАНА. 17 мамыр. ҚазАқпарат - Педагог мамандарды даярлау жұмысының сапасын арттыру мақсатында филологтарға білім беретін оқу орындарының саны қысқартылады.

Бұл туралы бүгін Қазақстан Республикасы филологтарының I съезінде ҚР Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов мәлім етті.

Министр атап көрсеткендей, педагогтың мәртебесі мен имиджін көтеру үшін былтырдан бері осы мамандық бойынша бөлінетін гранттардың сомасы ұлғайтылды. Ал филологтарды даярлау жұмысының сапасын арттыру мақсатында бірқатар жоғары оқу орындары қысқартылды. «Бұл жұмыс жалғаса береді. Себебі мұғалімдерді тек үздік оқу орындары ғана дайындауы тиіс. Қазіргі кезде 34 жоғары оқу орны филологтарды даярлайды. Бұған дейін олардың саны 89 болған. Міне, осыдан педагогикалық білім беретін жоғары оқу орындары санының 2,5 есеге азайғанын анық байқауға болады», - деп атап көрсетті Б.Жұмағұлов.