НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазанда өтіп жатқан кәсіби бокс кешінде қазақстандық Фируза Шәріпова IBA нұсқасы бойынша бірінші орта салмақта Әлем чемпионы атанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Ф.Шәріпова (10-1, 5 КО) танзаниялық Хэппи Даудимен (8-6-1, 4 КО) рингке шықты.
Қазақстандық боксшы бәсеке тізгінін бірден қолға алып, соққыларын қарсыласына дәл дарыта білді. Аяғымен де жылдам қимылдаған Фирузаның басымдылығы айқын көрінді. Ақыры оның соққысына шыдай алмаған Х.Доуди бесінші раундта жекпе-жекті тоқтатуға мәжбүр болды.
Осылайша кәсіби боксқа қайта оралған 25 жастағы Ф.Шәріпова қарсыласын техникалық нокаутпен жеңді. Ол 2019 жылдың сәуірінен бері рингке шықпаған болатын. Содан соң боксшы ретіндегі мансабын тоқтататынын мәлімдеп, кейін сәбилі болған-ды.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Фируза Шәріпованың әлем чемпионы атағы үшін айқасатынын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).