Флавио Болсонару Бразилия президенттігіне кандидат ретінде ұсынылды

АСТАНА. KAZINFORM — Сенатор Флавио Болсонару Бразилия президенттігіне Либералдық партиядан ресми түрде кандидат ретінде ұсынылды, деп хабарлайды AP .

Фото: AP Photo

Алдағы президент сайлауында ол қазіргі мемлекет басшысы Луис Инасиу Лула да Силвамен бәсекеге түспек.

Либералдық партия бұрынғы президент Жаир Болсонарудың үлкен ұлы Флавио Болсонарудың кандидатурасын мақұлдады. Алайда ресми түрде ұсынылғанына қарамастан, оның сайлауалды науқаны бірқатар қиындықтарға тап болып отыр.

Саясаткер әзірге вице-президенттікке кімнің кандидат болатынын анықтаған жоқ. Сонымен қатар ол ірі центристік партиялардың қолдауына да ие бола алмады. Бұл партиялар оның әкесінің өткен сайлаудағы жеңісінде маңызды рөл атқарған еді.

Кандидатты ұсыну рәсімі Сан-Паулу қаласында өтіп, оған шамамен 500 жақтаушы қатысты. Алайда шараға Бразилияның саяси элитасының ықпалды өкілдері келген жоқ.

Шараға бұрынғы президенттің жұбайы, евангелистік сайлаушылар арасында беделді Мишель Болсонару да қатыспады.

Сонымен бірге сенатор халықаралық қолдауға үміт артып отыр. Оның одақтастарының қатарында Аргентина президенті Хавьер Милей де аталады.

Бұған дейін Флавио Болсонару сайлауалды науқанының халықаралық бағытын күшейткен еді. Бразилиялық сенатор Вашингтонда АҚШ президенті Дональд Трамппен, вице-президент Джей Ди Вэнспен және Мемлекеттік хатшы Марко Рубиомен кездесті.

Айта кетейік, былтыр Бразилияның экс-президенті Жаир Болсонару мемлекеттік төңкеріске қатысты ұсталған болатын.

Желтоқсан айында Болсонаруды бас бостандығынан айыру мерзімі 27 жылдан екі жылға дейін қысқаруы мүмкін екенін жаздық.