Ford 255 мыңнан астам Focus көлігін кері қайтаруға мәжбүр болып отыр

АСТАНА. KAZINFORM – Америкалық Ford Motor Company компаниясы 2012–2018 жылдары шығарылған 255 404 дана Focus автокөлігін кері қайтару туралы ақпарат жариялады, деп хабарлайды AP .

Фото: AP

Бұған көлік жүріп келе жатқан кезінде қозғалтқыштың кенеттен өшуіне әкелуі мүмкін ақау себеп болған. Мұндай жағдай жол-көлік оқиғаларының қаупін арттырады.

Компанияның мәліметінше, мәселе адсорберді үрлеу клапанының ақауына байланысты. Оның істен шығуы көліктің қозғалып келе жатып тоқтап қалуына әкелуі мүмкін.

Кері қайтару науқанына осыған ұқсас ақауға байланысты бұрын басқа сервистік бағдарлама аясында жөндеуден өткен автокөліктер де енгізілді. Ford өкілдерінің айтуынша, бұрын қабылданған шаралар тәуекелді толық жою үшін жеткіліксіз болған.

Мәселені шешу үшін дилерлік орталықтар трансмиссияның бағдарламалық жасақтамасын тегін жаңартады.

Көлік иелеріне хабарламалар 6 шілдеден бастап жіберіле бастайды. Осы күннен кейін олар өз көлігінің кері қайтару науқанына қатысы бар-жоғын VIN-код арқылы АҚШ-тың Ұлттық жол қозғалысы қауіпсіздігі басқармасы сайтынан тексере алады.

Компания сондай-ақ қосымша ақпарат алу үшін көлік иелері Ford-тың қолдау қызметіне жүгіне алатынын хабарлады.

Бұған дейін Ford артқы көрініс камерасындағы ақауға байланысты шамамен 1,7 миллион автокөлігін кері қайтаратыны туралы жаздық.