«Forex» биржасында алаяқтар трейдерлік қызметті желеу етіп, қазақстандықтардан ақша бопсалаған

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана полициясы «Teletrade Central Asia» ЖШС-дан зардап шеккендерді іздеуде. Аталған компанияға қатысты аса ірі көлемда алаяқтық фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

«Елордалық ІІД тергеу бөлімі «Teletrade Central Asia» ЖШС-ға ҚР ҚК 190-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Компания 2014-2016 жылдары «Forex» әлемдік қаржы биржасының нарығында брокерлік немесе трейдерлік қызмет көрсетуді желеу етіп, Астана қаласы мен өзге аймақ тұрғындарының ақшасын иемденген», - деп хабарлады елордалық ІІД баспасөз қызметінен.

Ведомстводан хабарлағандай, жапа шеккендер инвесторлар ретінде «Teletrade Central Asia» ЖШС трейдерларымен сауда операциясын жүргізу бойынша келісімшарт жасасқан, олар биржада интернет арқылы виртуалды сауданы жүзеге асырған трейдерлерге жеке сауда шоттарының кілтсөзін берген.

Кейін инвесторларға «Forex» нарығындағы бірқатар қиындықтарға байланысты олар шығынға ұшырағанын хабарлаған.

«Астана қ. ІІД «Teletrade Central Asia» ЖШС қызметінен зардап шеккендерден, сонымен қатар аталған қылмыстық істі тергеуде қажет ақпаратты білетін тұлғалардан 71-62-13, 71-60-10, 8-702-61-27-137, 8-701-465-10-71 телефон номерлеріне хабарласуды сұрайды», - делінген хабарламада.