Еуропаның жетекші елдері АҚШ пен Иран арасындағы келісімге қатысты үн қатты

АСТАНА. KAZINFORM – Франция, Ұлыбритания, Италия және Германия басшылары АҚШ пен Иран арасындағы келісімге қол қою соғыстың аяқталуына бастайтын қадам деп есептейді. Алайда олар Иранның ядролық қаруға ие болмауы керек екенін ескертті. Бұл туралы DW жазды.

Фото:  Anadolu Ajansı

Германия, Франция, Италия және Ұлыбритания мемлекеттері мен үкіметтері басшылары АҚШ пен Иран арасында 19 маусымда қол қойылады деп жоспарланған бейбіт келісім туралы мәлімдемелерді құптады. Бұл оқиға «өңірлік тұрақтылықты қалпына келтіруге және әлемдік экономиканы тұрақтандыруға мүмкіндік береді» делінген саясаткерлердің 15 маусым, дүйсенбі күні жарияланған бірлескен мәлімдемесінде.

Көшбасшылар келіссөздер үдерісіне қатысушылардың барлығын дипломатиялық серпіліспен құттықтап, келісімді жедел әрі жан-жақты іске асырудың маңызын атап өтті.

Сондай-ақ келісім аясында Ормуз бұғазындағы кеме қатынасы шұғыл түрде қалпына келтірілуі тиіс екені ерекше көрсетілді. Мәлімдемеден оның авторлары бұл күш-жігерді қолдауға, соның ішінде әлемдік отын нарығы үшін маңызды көлік дәлізін минадан тазарту жұмыстарына қатысуға дайын екені байқалады.

Ормуз бұғазындағы ахуал

Франция президенті Эмманюэль Макрон мен Ұлыбритания премьер-министрі Кир Стармер АҚШ пен Иран арасындағы құжатқа қол қою жоспарына қатысты жеке мәлімдемелер де жариялады.

Кир Стармер өз мәлімдемесінде Ормуз бұғазындағы кеме қатынасының еркіндігі ешқандай төлемсіз қалпына келтірілуге тиіс екенін айтты. Ұлыбритания премьерінің айтуынша, бұл бүкіл әлем тап болған АҚШ пен Израильдің Иранға қарсы соғысының экономикалық салдарын жұмсартуға мүмкіндік береді.

Еуропаға керегі – ядролық қарусыз Иран

Эмманюэль Макрон өз мәлімдемесінде Иранның ядролық және баллистикалық бағдарламалары мәселесіне алаңдаушылық білдірді.

Стармер бұдан да қатаң пікір айтып:

– Иран ешқашан ядролық қаруға ие болмауы тиіс, – деді.

Осы ұстаным еуропалық мемлекеттер көшбасшыларының ортақ мәлімдемесінде де бекітілді.

– Иран ешқандай жағдайда ядролық қаруға қол жеткізбеуі керек. Біз бұл мақсатқа жету үшін АҚШ-пен, Иранмен және Халықаралық атом энергиясы агенттігімен жұмыс істеуге дайынбыз. Иран өзінің ядролық бағдарламасына қатысты нақты әрі тексеруге болатын қадамдар жасаған жағдайда, тиісті санкцияларды алып тастауға әзірміз, – деп мәлімдеді саясаткерлер.

Айта кетейік, бұған дейін АҚШ пен Иран 19 маусымда Швейцарияда бейбіт келісімге қол қоятынын жаздық.