АҚШ пен Иран 19 маусым күні Швейцарияда бейбіт келісімге қол қояды

АСТАНА. KAZINFORM – АҚШ пен Иран арасындағы бейбіт келісімге қол қою рәсімі 19 маусым, жұма күні Швейцарияда өтеді. Бұл туралы екі ел арасындағы келіссөздерде делдал болып отырған Пәкістанның премьер-министрі Шахбаз Шариф мәлімдеді. Ақпаратты АҚШ президенті Дональд Трамп та растады, деп жазды DW.

АҚШ пен Иран 19 маусымда Швейцарияда бейбіт келісімге қол қояды
Фото: Анадолы

Шахбаз Шариф екі тарапқа да қақтығысты дипломатиялық жолмен шешуге ұмтылғаны үшін алғыс айтып, делдалдық көрсеткен Қатарға, сондай-ақ осы бағыттағы зор үлесі үшін Сауд Арабиясы мен Түркияға ризашылығын білдірді.

– Енді келісімге қол жеткізілген соң, делдалдар осы аптада бірқатар кездесулер ұйымдастырады. Келісімді іске асыру алдындағы бұл талқылаулар техникалық келіссөздер мен ресми қол қою рәсіміне негіз болады, – деді Шариф.

Трамп Ормуз бұғазындағы АҚШ блокадасының алынғанын жариялады

АҚШ президенті Дональд Трамп өзінің Truth Social әлеуметтік желісінде Иранмен бейбіт келісімге «енді қол жеткізілгенін» мәлімдеді. Сонымен қатар Ақ үй басшысы АҚШ әскери-теңіз күштерінің Ормуз бұғазындағы блокадасын алып тастау туралы шешім қабылдағанын хабарлады.

– Осы арқылы мен Ормуз бұғазын кемелердің еркін өтуі үшін ашуға рұқсат беремін және бір мезгілде АҚШ ӘТК тарапынан теңіз блокадасын дереу тоқтатуды бұйырамын. Әлемнің барлық кемелері, қозғалтқыштарыңызды іске қосыңыздар. Мұнай ағылсын! – деп жазды Трамп.

АҚШ вице-президенті Джеймс Дэвид Вэнс келісімге Женевада қол қою рәсіміне қатысуды жоспарлап отырғанын айтты. Оның сөзінше, кездесуге Дональд Трамптың өзі де келуі мүмкін.

Келісім Ливанға да қатысты болмақ

Шахбаз Шариф келісім туралы мәлімдемесінде екі тарап барлық майданда, соның ішінде Ливанда да әскери іс-қимылдарды дереу және түпкілікті тоқтататынын жариялады деп атап өтті.

Келісімнің Ливанға да таралуы Иран үшін маңызды шарттардың бірі болған. Ливан аумағында Израиль Тегеран қолдайтын «Хезболла» қозғалысына қарсы әскери операциялар жүргізіп келеді.

14 маусымда Израиль Бейруттағы «Хезболла» бақылауындағы аудандарға кезекті әуе соққыларын жасап, оны қозғалыс шабуылдарына жауап ретінде түсіндірді. Ал Трамп Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяхуды «маңызды күні» шабуыл жасағаны үшін сынға алды.

– Биби бұлай істемеуі керек еді. Бұл маған мүлде ұнаған жоқ. Олар («Хезболла») бірнеше шағын зымыран ұшырды, бірақ нысанадан айтарлықтай мүлт кетті, – деп келтіреді Трамптың сөзін The Wall Street Journal.

Иранның мәлімдемесі

Иран сыртқы істер министрінің орынбасары Казем Гарибабади АҚШ-пен уағдаластықтарға қол қойылатынын растады. Оның айтуынша, тараптар алдымен «өзара түсіністік туралы меморандумға» қол қояды.

Гарибабадидің сөзінше, содан кейін 60 күн бойы түпкілікті бейбіт келісімге қол жеткізу жөніндегі келіссөздер жүргізіледі. Осы кезеңде Иран меморандум талаптарының орындалуын бақылап отырады. Өз кезегінде Трамп мұндай келісімге қол қоюды «өзінен бұрын ешкімнің қолынан келмеген жетістік» деп атады.

– Өңір көшбасшылары алғаш рет оларға шынайы бейбітшілікке қол жеткізуге көмектесе алатын президентті тапты, – деп жазды АҚШ президенті Truth Social желісінде.

Еске сала кетсек, бұған дейін АҚШ-Иран келіссөздері қалай жүріп жатқанын жаздық. Ал Трамп Иранмен мәміле жексенбіде бекітілетінін мәлімдеген еді.