Франция Иранды супермаркеттердің тоңазытқыштарын қашықтан істен шығарды деп айыптады

АСТАНА. KAZINFORM — Франция Иранның Ислам революциясы сақшылар корпусын супермаркеттердің тоңазытқыш жүйелеріне жасалған ауқымды кибершабуылға қатысы бар деп айыптады. Бұл туралы Францияның Сыртқы істер министрі Жан-Ноэль Барро мәлімдеді, деп хабарлайды Kazinform агенттігі BBC-ге сілтеме жасап.

Фото: Kazinform/ЖИ

Министрдің айтуынша, бұл — Франция аумағында бұрын-соңды болмаған ауқымды кибершабуылдардың бірі. Ол елдің ұлттық қауіпсіздігіне қатер төндірген.

Барро шабуылға қатысы бар тұлғаларға Еуропа елдері бірлесіп санкция салатынын мәлімдеді. Сондай-ақ Франция Сыртқы істер министрлігі Иранның Париждегі елшісін шақырып, оған ресми наразылық білдірді.

Франция билігі бұл оқиғаға байланысты басқа да жауап шараларын қабылдау мүмкіндігін қарастырып жатыр.

11–12 қазанда Францияның әр өңіріндегі жүздеген супермаркетке кибершабуыл жасалды. Хакерлер тоңазытқыш жүйелерін басқаратын бағдарламалық жасақтамаға кіріп, мұздатқыштар мен тоңазытқыш камераларындағы температураны қашықтан көтерген. Кейбір камераларда температура 50 градусқа дейін жеткен.

Салдарынан дүкендердегі азық-түлік өнімдері бұзылып, бірнеше миллион еуро шығын келген. Coopérative U сауда желісінің 100-ден астам дүкені, Intermarché және Netto желілерінің 180 сауда нүктесі зардап шекті. Carrefour, Monoprix және E.Leclerc сияқты ірі сауда желілерінде де ақаулар тіркелді.

BBC мәліметінше, хакерлер тоңазытқыш қондырғыларын қашықтан басқаруға мүмкіндік беретін Данияның Danfoss компаниясы әзірлеген бағдарламалық жасақтамаға шабуыл жасаған.

2 қарашада осындай кибершабуылдар Еуропаның тағы тоғыз елінде, соның ішінде Финляндия, Швеция, Бельгия, Италия және Нидерландта тіркелді. Сол жолы 100-ден астам дүкен зардап шеккен.

Париж прокуратурасы Ислам революциясы сақшылар корпусымен байланысы бар «Шахид Кавех» хакерлік тобына және оның екі басшысына қатысты тергеу бастады.

Дегенмен Франция билігі Иранның бұл шабуылдарға қатысы барын растайтын дәлелдерді жариялаған жоқ. Ал Тегеран Франция Сыртқы істер министрінің мәлімдемесіне қатысты әзірше жауап берген жоқ.

Бұған дейін хакерлер Еуропалық одақтың жеті еліндегі супермаркеттердің тоңазытқыш жүйелеріне шабуыл жасағаны хабарланған еді. Кейін Италияның бұл іске арнайы қызметтерді тартып, тергеу бастағаны белгілі болды. 

Бельгия прокуратурасы да кибершабуылға байланысты қылмыстық іс қозғады.

Сондай-ақ Францияда хакерлер қан сақтайтын қоймалардағы температураны 110 градусқа дейін көтеруге әрекет жасаған. Бұдан бөлек, Crédit Mutuel Arkéa француз банкінде де ірі кибершабуыл анықталған еді.