Италия супермаркеттерге жасалған кибершабуылдарды тергеуге арнайы қызметтерді тартты
АСТАНА. KAZINFORM — Италия үкіметі супермаркеттердің тоңазытқыш жабдықтарына жасалған бірқатар кибершабуылдан кейін арнайы қызмет басшыларымен шұғыл кеңес өткізді. Шабуылдар Еуропаның кемінде 11 еліне әсер еткен. Бұл туралы Kazinform агенттігі Euronews-ке сілтеме жасап хабарлады.
Кибершабуыл салдарынан Еуропалық одақтың кемінде он еліндегі, соның ішінде Германия, Италия және Нидерландтағы супермаркеттердің тоңазытқыштары мен мұздатқыштарындағы температура көтерілген. Соның салдарынан азық-түлік бұзылған. Осындай жағдайлар Ұлыбританияда да тіркелді.
Италияда шамамен 20 дүкен зардап шеккен. Үкіметтің мәліметінше, шабуылдың салдары әзірше айтарлықтай емес. Ақаулар негізінен қауіпсіздік жүйелері ескірген сауда орындарында тіркелген.
Осы оқиғадан кейін Италия министрлері барлау қызметтерінің басшыларымен және Ұлттық киберқауіпсіздік агенттігінің өкілдерімен шұғыл кеңес өткізді. Агенттік сауда желілеріне жабдықтарды қорғау жөнінде ұсынымдар жолдады.
Сицилиядағы Coop супермаркеттер желісін басқаратын топтың директоры Джузеппе Спадароның айтуынша, кибершабуыл желінің 300 дүкенінің төртеуіне әсер еткен. Температура режимі бұзылғандықтан, азық-түлікті тастауға тура келген.
Еуропалық одақ өкілі Томас Ренье Еуропа агенттіктері бірлескен әрекет ету шараларын әзірлеу үшін ұлттық билік органдарымен байланыс орнатқанын мәлімдеді.
Еурокомиссияның азық-түлік және ауыл шаруашылығы мәселелері жөніндегі комиссары Кристоф Хансен бұл оқиғаны азық-түлік жеткізу тізбегінің жұмысын бұзуға бағытталған әдейі жасалған әрекет деп бағалады.
Ал алты дүкені зардап шеккен Румынияның Ұлттық киберқауіпсіздік басқармасының басшысы Дан Чимпеан шабуылдардың кәсіби деңгейде ұйымдастырылмағанын айтты. Оның пікірінше, бұл іске мемлекеттік құрылымдардың қатысы бар деп күдіктенуге негіз жоқ.
Германияда кибершабуыл төрт дүкенге әсер еткен. Швецияда зардап шеккен Coop желісінің жеті супермаркеті жұмысын қалпына келтірді. Ал ең көп зардап шеккен елдердің бірі Бельгияда федералдық прокуратура тергеу бастады.
Айта кетейік, супермаркеттердің тоңазытқыш жабдықтары қашықтан бақылау және техникалық қызмет көрсету үшін интернетке жиі қосылады. Forescout компаниясының зерттеуіне сәйкес, 99 елде тоңазытқыш жүйелерін басқаруға арналған 13 мыңға жуық сервис интернетте ашық тұр.
Кибершабуылдарға әзірше ешкім жауапкершілік алған жоқ. Қаскөйлердің көздеген мақсаты да белгісіз.
Еске салайық, бұған дейін Бельгияның федералдық прокуратурасы супермаркеттердің тоңазытқыш жүйелеріне жасалған кибершабуылдан кейін қылмыстық іс қозғағаны хабарланған еді. Зардап шеккен дүкендердің бірінде шығын кемінде 60 мың еуроға, ал екіншісінде 100 мың еуроға дейін бағаланған.