Кездесу Лазур жағалауындағы Кап-д’Антибте өтіп, 2021 жылы қабылданған Квиринал шартының жүзеге асырылуын ілгерілетудегі кезекті қадам болды. Франция мен Италия көшбасшылары Жерорта теңізіне қарайтын көрікті Eilenroc вилласында келіссөз өткізді. Жұмыс сессиялары басталар алдында олар Антибтегі Пикассо музейіне де барды.
Саммит барысында Макрон мен Мелони екіжақты және еуропалық ынтымақтастықтың кең ауқымды мәселелерін талқылады. Тараптар қорғаныс саласындағы жол картасын, сондай-ақ қорғаныс өнеркәсібі мен энергетикаға қатысты бірқатар келісімдерді қарастырды.
Париж бен Рим Жерорта теңізіндегі көші-қон ағындарын басқару мәселесінде ортақ ұстанымға ие. Сонымен қатар Тенде асуының астынан өтетін тоннель құрылысы және басқа да трансшекаралық жобалар ілгерілеп келеді.
Еуроодақ сарапшыларының пікірінше, Антибтегі саммит көші-қон мәселесіндегі келіспеушіліктерге байланысты біраз уақыт салқындаған қарым-қатынастан кейінгі алғашқы ірі екіжақты кездесу болды.
Кездесу Париж бен Римнің саяси ұстанымдарындағы айырмашылықтарға қарамастан, прагматикалық ынтымақтастыққа басымдық беруге дайын екенін көрсетті.
Еске сала кетсек, былтыр да саясаткерлер кездесіп, Макрон мен Мелони арасындағы келіссөздердің үш сағаттан астам уақытқа созылғаны хабарланған еді.