Франция мен Сауд Арабиясы ХАМАС-ты Газадағы биліктен шеттетпей қарусыздандыру мәселесін талқылап жатыр

Фото: Фото: x.com / @EmmanuelMacron

АСТАНА. KAZINFORM – Париж мен Эр-Рияд палестиналық топтың болашақ басқару құрылымына ішінара қосылуы оның қарусыздандыру мүмкіндігін арттырады деп шамалап отыр.

Франция мен Сауд Арабиясы ХАМАС-ты қарусыздандыруға және оны Газа секторын басқаруда шектеулі ықпалын сақтайтын таза саяси күшке айналдыруға бағытталған бірлескен бастаманы әзірлеп жатыр. 

Бұл туралы Bloomberg агенттігі хабарлады

Сауд Арабиясының өкілдері қазірдің өзінде ХАМАС басшылығымен келіссөз жүргізіп жатыр, ал Еуропалық Одақтың ХАМАС-ты лаңкестік ұйым деп танығанын ескере отырып, Францияның бұл топпен тікелей диалогқа қатысуы-қатыспауы әлі белгісіз. 

ХАМАС-тың белгілі бір саяси рөлді сақтап қалуы топтың қарусыздануға келісім беру ықтималдығын арттыруы мүмкін деп шамаланып отыр. 

- Мақсат – бұл топты болашақта Палестинаның басқаруында әлі де рөл атқара алатын таза саяси ұйымға айналдыру, - деп хабарлайды агенттік анонимді дереккөзге сілтеме жасап. 
Алайда Израиль ХАМАС-ты Газа секторының саяси өмірінен толығымен алып тастауды талап етіп, мұндай бастамадан бас тартуы мүмкін.

Франция мен Сауд Арабиясы 2025 жылдың маусымында БҰҰ-да екі мемлекет туралы шешімін ілгерілету үшін бірлескен конференция өткізеді деп күтіліп отыр. Іс-шара аясында Франция Палестина мемлекетін мойындайтынын жариялай алады, бұл ХАМАС-ты 2023 жылдың 7 қазанында жасаған шабуылы үшін ынталандыру деп қарастыратын Израильдің өткір реакциясын тудыруы мүмкін. 

Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху сәрсенбі күні сөйлеген сөзінде Израиль Газа секторындағы соғысты тоқтататын нақты шарттарды атады. 

- Мен Газадағы соғысты Израильдің қауіпсіздігін қамтамасыз ететін нақты шарттармен тоқтатуға дайынмын: барлық кепілге алынғандар үйлеріне оралады, ХАМАС қаруын тастайды, биліктен кетеді және оның басшылығы аймақтан қуылады, - деді Нетаньяху.

Израиль премьер-министрінің мәлімдемесіне жауап ретінде ХАМАС қаруын тапсыру және басшылығын елден шығару мүмкіндігін жоққа шығарып, олардың «Палестина халқының бір бөлігі екенін» баса айтты. 

Осы арада Израиль Газа секторында ХАМАС-ты толығымен жойып, аймақтың барлық аумағында бақылау орнатуға бағытталған «Гидеон арбасы» әскери операциясын жалғастырып жатыр. 

Израиль армиясы бұл операцияның мақсаты сондай-ақ Газа секторындағы ХАМАС пен басқа да қарсыласу топтарының толық «жеңілуін» қамтамасыз етуге бағытталғанын мәлімдеді. 

Халықаралық қауымдастық, соның ішінде Франция, Ұлыбритания және Канада гуманитарлық жағдайға алаңдаушылық білдіріп, атысты тез арада тоқтатуға және гуманитарлық көмек көрсетуге шақырады.

Бұған дейін Израиль қайтадан Газа секторына гуманитарлық көмек жеткізуге рұқсат бергенін жазған болатынбыз

Гуманитарлық жүк тиелген 190-нан астам жүк көлігі Газа секторына жетті.

Вашингтонда Израиль елшілігінің екі қызметкері оққа ұшты.