Франция Оңтүстік Американың джунглиінде қатаң режимдегі түрме салады
АСТАНА. KAZINFORM — Француз Гвианасының джунглиінде аса қауіпті қылмыскерлер, соның ішінде есірткі саудагерлері үшін қауіпсіздігі барынша жоғары түрме салынады. Бұл туралы Францияның Әділет министрі Жеральд Дарманен мәлімдеді.
Министрдің айтуынша, түрме Гвиананың солтүстігіндегі Сен-Лоран-дю-Марони коммунасында орналасады және 2028 жылдан бастап алғашқы тұтқындарды қабылдайды. Жобаның құны 400 миллион фунтқа бағаланып отыр.
– Менің стратегиям қарапайым – барлық деңгейдегі ұйымдасқан қылмысқа шабуыл жасау, - деді Дарманен Гвианада неліктен түрме салынатынын түсіндіре отырып.
Министр есірткінің Францияға жеткізілу жолы сол жерден басталатынын айтты. 500 тұтқынға арналған түрмеде 50 ең жоғары қауіпсіздік камерасы болады, оның мақсаты – есірткі саудасымен айналысатын қауіпті қылмыскерлерді оқшаулау.
Түрме режимі аясында тұрақты тінту жүргізіледі, электронды бақылау орнатылады, сыртқа шығуға дерлік жол берілмейді. Француз Гвианасы — қылмыс деңгейінің жоғарылығымен белгілі Оңтүстік Америкадағы Францияның департаменті. 2024 жылы ол жерде адам өлтірудің рекордтық көрсеткіші болды: 100 000 адамға шаққанда – 20,6 кісі. Францияда бұл көрсеткіш 100 000 адамға 1,5 кісі болады.
Еске сала кетейік, Франция бұрынғыдай Украинаға қару жеткізуді арттыра бермейді.