Агенттіктің Agence France-Presse-ке сілтеме жасап хабарлауынша, Франция Сенатында заң жобасын 205 сенатор қолдап, 110-ы қарсы дауыс берген. Бұған дейін құжатты парламенттің төменгі палатасы – Ұлттық ассамблея да мақұлдаған.
Заң жобасын оңшыл-орталықшыл «Республикашылдар» партиясының депутаты Эрик Поже ұсынған. Оны үкімет, орталықшыл күштердің басым бөлігі және оңшыл «Ұлттық бірлестік» партиясы қолдады.
Жаңа ережеге сәйкес, полиция мен жандармерия қызметкерлерінің атыс қаруын қолдануы заңсыз екені дәлелденбейінше, олардың әрекеті заңды деп есептеледі.
Францияның ішкі істер министрі Лоран Нуньес заң жобасының мақұлдануын құптап, парламент шешімі құқық қорғау қызметкерлеріне деген сенімді білдіретінін айтты. Оның сөзінше, жаңа заң полиция мен жандармерия қызметкерлерінің жұмыс ерекшелігіне сай құқықтық негіз қалыптастырады.
Алайда солшыл партиялар бұл бастамаға қарсы шығып, оны «адам өлтіруге рұқсат беру» деп бағалады.
Осыған байланысты Сенаттағы социалистер заңның Конституцияға сәйкестігін тексеру үшін Францияның Конституциялық кеңесіне шағым түсіретінін мәлімдеді.
Айта кетейік, даулы заң елде шерушілер мен полиция арасындағы қақтығыстар ушығып тұрған тұста қабылданып отыр.
Ұлттық ассамблея сайтында жарияланған заң жобасына қарсы петицияға 700 мыңнан астам адам қол қойып үлгерген.
Бүгін, 21 қарашада өтетін наразылық акциясына қатысушылар жаңа заңға қарсылық білдіруді басты талаптарының бірі ретінде көтермек. Осыған орай Ішкі істер министрі префектілерді құқық қорғау органдарына қарсы топтарға сақ болуға шақырды.
Бұған дейін Франциядағы тәртіпсіздіктерден келген шығын 207 млн еуроға жуықтағаны хабарланған болатын.
Сонымен қатар Францияда мемлекеттік сектор қызметкерлері тағы да жалпыхалықтық ереуілге шыққанын жазған едік. Кәсіподақтар тұрмыс құнының өсуіне және 2027 жылғы мемлекеттік бюджет жобасының дайындалуына байланысты жалақыны көтеруді талап етіп отыр.