Францияда мемлекеттік қызметкерлер тағы да жаппай наразылыққа шықты
АСТАНА. KAZINFORM — Францияда мемлекеттік сектор қызметкерлері тағы да жалпыхалықтық ереуілге шықты. Кәсіподақтар тұрмыс құнының өсуіне және 2027 жылғы мемлекеттік бюджет жобасының дайындалуына байланысты жалақыны көтеруді талап етіп отыр. Бұл туралы Euronews жазды.
Басылымның мәліметінше, наразылық акциялары сегіз аптаға жуық уақыттан бері жалғасып келеді. Алғашында, қыркүйектің ортасында, оқу жағдайына наразы мектеп оқушылары мен студенттер көшеге шыққан. Кейін акцияларға халықтың басқа топтары да қосылды. Наразылықтың негізгі себептерінің қатарында тұрмыс құны мен жанармай бағасының өсуі бар.
Кезекті ереуіл қарсаңында кәсіподақ өкілдері Франция премьер-министрі Себастьен Лекорнюмен кездесті. Алайда келіссөздер нәтижесіз аяқталды.
Қоғамдағы шиеленісті бәсеңдетуге тырысқан үкімет мемлекеттік сектордағы ең төмен жалақы алатын қызметкерлердің еңбекақысын сегіз индекстік тармаққа көтеруге уәде берді. Бұдан бөлек, билік ең төменгі жалақыны 1 желтоқсаннан бастап мерзімінен бұрын арттыру туралы шешім қабылдады.
Сонымен бірге үкімет 2027 жылғы бюджет жобасында мемлекеттік қызметкерлердің жалақысын жалпыға бірдей индекстеуден төртінші жыл қатарынан бас тартты. Мұндай шешімді бюджет тапшылығы мен мемлекеттік қарыздың өсуімен түсіндірді.
Кәсіподақтар биліктің бұл ұстанымын қабылдауға болмайтынын мәлімдеді. Олардың бағалауынша, 2017 жылдан бері мемлекеттік сектор қызметкерлерінің нақты сатып алу қабілеті 16 пайызға төмендеген. Соның салдарынан қызметкерлердің көбі ең төменгі жалақыға тең немесе соған жақын еңбекақы алады.
Франция Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, кейінгі апталарда шеруге қатысушылар саны біртіндеп азайып келеді. Акциялардың басым бөлігі бейбіт өтеді. Дегенмен жекелеген қалаларда полициямен қақтығыстар болып, құқық қорғау органдарының қызметкерлері мен журналистерге шабуыл жасалған. Сондай-ақ әкімшілік ғимараттарға зақым келтіру деректері тіркелген.
Сонымен қатар наразылыққа қатысушылар мен құқық қорғау ұйымдары полицияны күшті шамадан тыс қолданды деп айыптап отыр. Осыған байланысты ықтимал заңбұзушылықтар бойынша бірнеше тергеу басталған.
Франциядағы жаппай тәртіпсіздіктер қоғамдағы әлеуметтік қайшылықтарды ушықтырып, президент сайлауы қарсаңындағы саяси тартысты күшейтті. Тұрмыс құнының қымбаттауына және мемлекеттік шығындардың қысқаруына қарсы наразылықтардың астарында әлдеқайда күрделі мәселелер жатыр. Олардың қатарында радикалды қозғалыстардың күшеюі мен иммигранттар қауымдастығының француз қоғамына бейімделуіндегі қиындықтар бар. Бұл факторлардың бір-бірімен қалай байланысатыны және Франция саясатына қандай әсер етуі мүмкін екені туралы Kazinform агенттігінің материалынан оқи аласыз.