Франция үкіметі киберқауіпсіздықты күшейтуді талап етті

АСТАНА. KAZINFORM – Франция үкіметі мемлекеттік мекемелерге жасалатын кибершабуылдар санының артуына байланысты деректерді қорғау шараларын күшейтуді талап етті, деп хабарлайды Анадолу агенттігі .

Коллаж: Kazinform / ЖИ

Францияның Қаржы министрі Ролан Лескюр BFMTV телеарнасының эфирінде кейінгі уақытта елдің қаржы мекемелеріне жасалған кибершабуылдарға қатысты пікір білдірді.

Министр билік жағдайдың қаншалықты күрделі екенін түсінетінін атап өтіп, кибершабуылдар салдарынан деректері ұрланған азаматтардан үкімет атынан тағы да кешірім сұрады.

Лескюрдің айтуынша, кейінгі жылдары Франция түрлі кибершабуылдарға тиісті деңгейде қарсы тұра алмай келеді. Осыған байланысты технологиялық басқару жүйелерін жетілдіріп, киберқауіпсіздық деңгейін арттыру қажет.

Соңғы уақытта Францияның мемлекеттік мекемелеріне жасалған кибершабуылдар жиілеген. Премьер-министр Себастьен Лекорню киберқауіпсіздық жөніндегі арнайы топ құруды тапсырды.

Францияның Ұлттық білім министрлігі мен салық органдарын қоса алғанда, бірқатар мемлекеттік мекемеге жасалған кибершабуылдар салдарынан жүздеген мың адамның деректері ұрланған.

Қайталанған шабуылдарға қарсы тиісті шаралардың қабылданбауы Франция үкіметіне бағытталған сынның күшеюіне себеп болды.

Айта кетейік, біз бұған дейін интернет алаяқтардан қалай қорғануға болатынын жаздық.

Ал өткен айда Қытай кибералаяқтарға қарсы халықаралық одақ құру туралы бастама көтерді.