Ресми мәлімдемеге сәйкес, Shamonda вирусын жұқтырған алғашқы адам тіркелді. Бұған дейін аталған вирус адамға жұқпайды деп есептеліп келген.
Науқас ауыр дертке байланысты Hospices Civils de Lyon ауруханасында емделіп жатқан. Тергеудің алдын ала қорытындысына сәйкес, оның өлімінен бұрын байқалған неврологиялық асқынулар Shamonda инфекциясына байланысты болуы мүмкін.
Инфекцияның негізгі себебі — Францияның шығысындағы Culicoides туысына жататын ұсақ шіркейдің шағуы. 2026 жылдың көктемі мен жазында бұл өңірдегі жануарлар арасында вирус таралған. Билік бұл иммунитеті нашар адамда болған ерекше жағдай екенін атап өтті.
Shamonda вирусы Orthobunyavirus туысына, Simbu серотобына жатады. Ол қан соратын ұсақ шіркейлер арқылы таралады. Вирустың негізгі иесі – ірі қара мал. Сондай-ақ ол ұсақ күйіс қайыратын жануарлар мен жылқылардан да анықталған.
Вирус алғаш рет 1960 жылдардың ортасында Нигерияда тіркелген. 2026 жылға дейін Африка мен Жапонияда жануарлар арасында жекелеген жағдайлар кездескен. Ал 2026 жылдың жазында вирус Еуропада алғаш рет анықталып, Германия, Швейцария, Франция және басқа да елдерге таралған. Ауруға шалдыққан сиырлардың қызуы көтеріліп, іші өткен, сүт беруі азайған.
— Қолда бар ғылыми деректерге сүйенсек, қазіргі уақытта бұл вирустың жалпы халық денсаулығына қауіп төндіретіні анықталған жоқ, – деп мәлімдеді Францияның тиісті министрліктері.
Аталған жағдай туралы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мен Еуропалық аурулардың алдын алу және бақылау орталығына хабар берілді.
Бұған дейін Францияда Эбола вирусын жұқтырған алғашқы науқас толық жазылып шыққанын хабарлаған едік.