Euronews мәліметінше, Францияның Arcom медиа реттеушісі телеарналар мен радиоға арналған саяси плюрализм талаптарын алғаш рет интернеттегі ірі видеоблогерлерге де қолдануды жоспарлап отыр.
2027 жылғы президент сайлауы кезінде олар барлық кандидатқа өз платформаларында тең мүмкіндік беріп, сайлау науқаны туралы ақпарат таратқанда бейтараптық сақтауға тиіс.
Arcom басшысы Мартен Аждаридің айтуынша, кейбір видеоблогерлердің аудиториясы дәстүрлі телеарналардың көрермендерінен де көп. Сондықтан олардың қызметін реттеу мәселесі өзекті болып отыр.
Жаңа талаптар Франция заңнамасы бойынша сұранысқа сай аудиовизуалды медиа санатына жатқызылуы мүмкін ірі видеоканалдарға қолданылады.
Мұндай арналарды анықтау кезінде реттеуші олардың қандай тақырыптарды қозғайтынын, материалдарды қаншалықты жиі жариялайтынын, аудиториясының көлемін және қоғамдық пікірге ықпалын ескереді.
Негізінен саяси және қоғам үшін маңызды мәселелерді тұрақты түрде көтеретін видеоканалдар қамтылады. Ал тек аудио форматта шығатын подкасттарға бұл талаптар қойылмайды.
Arcom ережелеріне сәйкес, сайлау науқанының бастапқы кезеңінде кандидаттарға сөз сөйлеу үшін берілетін уақыт олардың сайлаушылар арасындағы болжамды қолдау деңгейіне сай бөлінуі керек.
2027 жылғы 5 сәуірден бастап президент сайлауының бірінші турына дейін барлық кандидатқа өз ұстанымын таныстыру үшін бірдей уақыт пен тең мүмкіндік берілуге тиіс. Сайлаудың бірінші туры 18 сәуірге жоспарланған.
18 сәуірде өтетін бірінші тур мен 2 мамырға белгіленген екінші тур арасында бұл талап екінші кезеңге өткен екі кандидатқа қолданылады.
Ал дауыс беру қарсаңында және сайлау күндері үгіт-насихат жүргізуге тыйым салынады.
Arcom басшысы реттеуші орган контент авторларымен ең алдымен диалог орнатуға басымдық беретінін айтты. Сонымен қатар мекеме ереже бұзушылықтарға қатысты шағымдарды қарайды.
Талаптарды өрескел немесе бірнеше рет бұзғандарға санкциялар қолданылуы мүмкін.
Мартен Аждари видеоблогерлердің қызметін реттеу мекеме үшін жаңа бағыт екенін мойындады. Сондықтан Arcom бұл жұмысты сақтықпен жүргізуді көздеп отыр.
Айта кетейік, Францияда инфлюенсерлердің жарнамалық қызметін реттейтін заң 2023 жылы қабылданған. Оған сәйкес, блогерлер жарнамалық материалдарды ашық көрсетуге міндетті. Сондай-ақ заңда тыйым салынған тауарлар мен қызметтерді, сондай-ақ алаяқтық ұсыныстарды жарнамалағаны үшін жауапкершілік көзделген.
Ал жаңа талаптар жарнамаға емес, президент сайлауы кезінде саяси көзқарастардың әртүрлілігі мен кандидаттарға тең мүмкіндік берілуіне қатысты.
Еске салайық, бұған дейін Франция Конституциясына сәйкес, президент сайлауы қазіргі мемлекет басшысының өкілеттік мерзімі аяқталуына 20-35 күн қалғанда өтуге тиіс екенін жазған едік. Бірінші тур 2027 жылғы 18 сәуірде, екінші тур 2 мамырда өтеді. Эмманюэль Макронның президенттік өкілет мерзімі 2027 жылғы 14 мамырда түн ортасында аяқталады. Осылайша, сайлау күндері Конституция талаптарына толық сәйкес келеді.