Францияда «Горетти» дауылы салдарынан 92 мың үй жарықсыз қалды

Фото: Anadolu Ajansı

АСТАНА. KAZINFORM – Францияда «Горетти» дауылының салдарынан 92 мың тұрғын үй әлі күнге дейін электр энергиясынсыз отыр. Бұл туралы Anadolu Ajansı хабарлады.

Франциядағы электр желілеріне қызмет көрсететін Enedis компаниясының мәліметінше, дауылдан кейін электр қуаты өшкен 380 мың үйдің төрттен үшінен астамында жарық қалпына келтірілген. Дегенмен Манш, Кальвадос, Приморская Сена, Эр және Орн департаменттеріндегі 92 мың үйде электрмен жабдықтау әлі де қалпына келмеген.

Қазіргі уақытта барлық өңірде электр энергиясын қайта қосу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

«Горетти» дауылы электр энергиясын өндіруге де әсер етті. Мемлекеттік Franceinfo хабарлауынша, Électricité de France (EDF) компаниясы 8 қаңтарға қараған түннен бастап Фламанвиль атом электр станциясындағы реакторларда электр энергиясын өндіруді уақытша тоқтатқан.

Мамандардың айтуынша, дауыл кезінде желдің жылдамдығы сағатына 200 шақырымға дейін жеткен. Ал Солтүстік Нормандиядағы Гаттевиль ауылында желдің екпіні сағатына 213 шақырым болғаны тіркелді.

Францияның Ішкі істер министрлігі «Горетти» дауылы салдарынан алты адамның жеңіл жарақат алғанын хабарлады.

Бұған дейін Бельгия мен Францияның бірқатар өңірінде «Горетти» дауылының өтуіне байланысты күрделі метеорологиялық жағдай қалыптасқаны туралы ақпарат тараған еді.